Тікелей эфир

Жетісу облысында емхана медбикесі науқастардың атынан несие алған

Банкке 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін қарыз болып қалған қарт кісілер сотқа жүгініпті.

Жетісу облысында емхана медбикесі науқастардың атынан несие алған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ол жүріп-тұруы қиын қариялардың үйінде медициналық көмек көрсетіп жүріп, зейнеткерлерді алдап фотосуретке түсіріп кредит рәсімдеген.

Банкке 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін қарыз болып қалған қарт кісілер сотқа жүгініпті. Алайда медицина маманы сотталғанымен берешекті әлі өздері төлеп жатыр.

Сан соғып қалдық деген жандармен әріптесім тілдесіп келді. Бір шаңырақтағы қос қарияның мойнында қазір үш несие бар. Олардың атынан 2 миллион теңгеге жуық кредитті ауруханадан үйге келіп ем-дом жүргізіп жүрген медбике рәсімдеген.

Зейнеткерлердің айтуынша, медицина маманы әбден сенімге кірген. Бірде "жұмыс орныма сіздерге келгенімді дәлелдеуім" керек деп оларды суретке түсіріп алып, тауарлық несие алған екен.

"Үйде екеуміз тұрамыз. Балалар жан жаққа жан бағу үшін жұмыс істеп кетті. Міне екеуміз тұрамыз. Қанша жоқтық көрсек те кредиттің шетіне барып 500 теңге алып көрмегенбіз ғой. Мынау сұмдық екен. Аурухана қызметкерінің кесірінен қарызға батып отырған 10 шақты адам бар", – деді зейнеткер Ғайни Жолаушыбай.

Медбике олардың суреттері мен жеке деректерін біріне тегін дәрі алып беремін, біріне медициналық сақтандыруға керек деп қолға түсіріпті. Әрқайсысына 500 мыңнан бастап миллион теңгеге дейін несие рәсімдеген.

"Өзім онкологиямен ауырамын. Екі балам қайтыс болған. Осы үйде жесір келінім бар жетім балаларым бар. Ештеңем жоқ. Жалғызбасты анамын алдап маған кредитке 500 мың теңге алып кетіпті. 40 мың теңге кредит маған күнде келеді. Сот қалай үкім шығарып отыр? Бізге қалай төлесін дейді", – дейді зейнеткер Мүнира Қаташ.

Сотта 41 жастағы келіншектің алаяқтық жасағаны дәлелденіп, оған 3,5 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалған. Сонымен қатар зардап шеккендердің материалдық шығыны 7 миллион теңгені өтеу міндеттелген. Алайда сотталушы қазір жұмыссыз әрі атында еш дүние-мүлкі жоқ екен. Жәбірленуші тарап сот шешімінің бізге пайдасы шамалы дейді. Өйткені, барлығы әлі банк алдындағы қарызды төлеп отыр.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары