Тікелей эфир

Жетісу облысында 10 мың тұрғын жалғыз дәрігерге қаралуға мәжбүр

Ауылда маман жетіспейді, дейді дәрігерлер.

Жетісу облысының Қапал ауылында зәулім емхана қаңырап тұр. Медициналық мекемеде ауылдық округтегі он мыңға жуық тұрғынды жалғыз дәрігер қабылдайды. Басы ауырып, балтыры сыздаған жұрттың әбден төзімі таусылған. Алысқа барып емделуге мәжбүрміз деген халық маман тапшылығы қолдан жасалып отыр деп күдіктенеді. Бұл туралы 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы хабарлады. 

72 жастағы Жұмаш Бәйменова осыдан он күн бұрын инфаркт алғанын айтады. Дәрігерлер оған көмектесе алмаған. Амалсыздан жедел жәрдеммен облыстық ауруханаға барған. 90 шақырым қашықтықтағы медициналық мекемеге жеткенше кейуананың жағдайы тіптен нашарлап кеткен.

"Мен қалаға осы бір жетінің ішінде 3-4 рет бардым. Енді қайта-қайта бара беруге менің жағдайым ауыр болып тұр. Осы жерде дәрігер болса екен деп тілеймін", – деді Қапал ауылының тұрғыны Жұмаш Бәйменова. 

Қапалдықтар жылдар бойы қысы-жазы жүздеген шақырымға сабылып емделуге мәжбүр. Ал ауылдағы үш қабатты зәулім ғимаратта жалғыз дәрігер мен медбикелерден басқа маман жоқ. Күндізгі стационарда тіпті терапевт те табылмайды дейді тұрғындар.


Оқи отырыңыз: Ферроқорытпа зауытындағы төтенше жағдай: зардап шеккен тағы екі адам қайтыс болды


Үлкен аурухананың қаңырап қалуының бірнеше себебі бар. Ауыл тұрғындары бұған аудандағы ақ халаттыларды кінәлайды. Айтуларынша, медициналық сақтандыру жүйесі шыққалы олар алыс-жақындағы елдімекен жұртын өздерінде емдеуге мүдделі болып отырған көрінеді. Ал бас дәрігер мәселе маман тапшылығында дейді.

"Ол жерде өкінішке орай үш дәрігер жұмыс істеген, қазір бір-ақ дәрігер қалды. Күзде бір дәрігер отбасылық жағдайына байланысты басқа жаққа Алматы қаласына жұмысқа кетем деп отыр. Қазір Алия Шормаққызы деген жалғыз дәрігерім қалды. Қазір де шақырып отырмыз, ол жерге де шақырып отырмыз", – деді Ақсу аудандық ауруханасының бас дәрігері Байқадам Құрымбай. 

Бас дәрігер маман тапшылығының қашан шешілерін нақты айтпады. Облыстық мәслихат шешімі бойынша ауылға келген мамандарға 10 млн теңге беру қарастырылған.

Серіктестер жаңалықтары