Жеңіске 80 жыл: Түркістан облысында жаңа саябақ ашылды

Саябақта ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлерге ескерткіш орнатылған.

Түркістан облысы Отырар ауданындағы Көксарай ауылында Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында жаңа саябақ ашылды.

Оның ашылу рәсіміне ауыл тұрғындары, игі бастаманың жүзеге асуына ат салысқан кәсіпкер Оразхан Жанысбеков, мәжіліс депутаты Олжас Құспеков және Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай да қатысты.

Саябақ жалпы саны 12 тарихи мемориалдық ескерткіштен тұрады. Оның көркіне сән беріп тұрған негізгі ескерткіш "Тәуелсіздік монументі" деп аталады.

Бұл жерден тарихта өшпес із қалдырған көксарайлықтар туралы мағлұмат алуға болады. Ескерткіштердің бірінде тұғыры биік тұлғалардың суреттері мен олар туралы ақпарат жазылған. Енді бірінде көксарайлық репрессия мен ашаршылық құрбандарының тізімі берілген. Ұлы отан соғысы кезінде қаза тапқан жауынгерлерге де үлкен ескерткіш арналған. Тыл және еңбек ардагерлері де назардан тыс қалмаған.

Мемориалдық ескерткіштерде көксарайлық батыр аналар мен ұлағатты ұстаздар, жалпы еңбегімен ел құрметіне бөленген тұлғалар туралы да деректер жазылған.  

Саябаққа жасыл желек отырғызылып, ауылға ерекше көрік беріп тұр. Бұл жер осы ауылдың тарихы мен мәдениетін насихаттайтын бірегей орынға айналмақ. 

Айта кетейік, саябақ ауыл жанашыры, "Tolagai-2050" компаниясының құрылтайшысы Оразхан Жанысбековтің бастамасымен салынған. Ашылу салтанатында Отырар ауданының әкімі оған ерекше алығысын білдірді. Әрі бұл әрбір қазақ азаматына үлгі боларлық игі іс екенін атап өтті.

"Естелік саябағы соғыста батырлық жасаған аталарымызды құрметтеу, оларға жасалған тағзым болып саналады. Ауыл азаматының өнегелі ісі қазіргі жастарға үлгі болары сөзсіз", – деді Отырар ауданының әкімі Қайрат Жолдыбай.

Естелік саябағы Оразхан Жанысбеков 2015 жылы қолға алған "Құтты мекен Көксарай" жобасының аясында ашылды. Бұған дейін кәсіпкер Көксарайдың тарихи және этнографиялық мұрасын зерттеп, ғылыми ағартушылық жұмыстар атқарды.

 

Серіктестер жаңалықтары