Тікелей эфир

Жеңіс Қасымбек Астанадағы ақылы автотұрақтарға қатысты жауап берді

Бас қалада жеке көлікті пайдалануды азайту – әкімдіктің басты мақсаты.

Астана әкімі Жеңіс Қасымбек Сенат депутаттарының елордадағы ақылы автотұрақтар мәселесіне қатысты сауалына жауап берді. 

Әкімнің сөзінше, Астана қаласы әкімдігінің 2024 жылғы 31 мамырдағы № 503-1959 қаулысына сәйкес, ақылы автотұрақтар орталық аудандар, көлік тораптары, саябақтар, сауда орталықтары және кеңсе кешендері сияқты кептелісі жоғары жерлерде ұйымдастырылады. 

Негізгі мақсат – автотұрақ орындарының қолжетімділігін арттырып, жеке көлікті пайдалануды азайту және баламалы қозғалыс түрлеріне көшуге ынталандыру. 

"Тұрғындарға тіркеу шарттары сақталған жағдайда белгілі бір аймақта тегін немесе жеңілдікпен тұраққа қоюға құқық беретін резиденттік абонемент қарастырылған. Толық ақпарат www.astanapark.kz сайтында орналастырылған", – деді Жеңіс Қасымбек. 


Оқи отырыңыз: Астанада автотұрақ ақысы қалай есептеледі


Қала басшысының айтуынша, әкімдік Астана қаласының көлік жүйесін дамытуға арналған 2035 жылға дейінгі Кешенді бағдарламаны әзірлеп жатыр. Бұл бағдарлама қаланың көлік қаңқасын құруды, тасымалдаушылармен өзара әрекеттестікті жетілдіруді, автотұрақ кеңістігін ұйымдастыруды және қоғамдық көлік брендін нығайтуды қамтиды. 

"Ерекше назар жылдам көлік дәліздерінің, көлік тораптары мен паркингтердің пилоттық жобаларын әзірлеуге аударылуда. Бұл шаралар инфрақұрылым сапасын арттыруға, көлік жүктемесін азайтуға және елорда үшін заманауи шешімдерді дамытуға бағытталған", – деді шаһар басшысы. 

Серіктестер жаңалықтары