Тікелей эфир

Жеңімпазға – 5 млн теңге. Қазақстанның 20 қаласында шахматтан блиц-турнир өтеді

Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары 10 қарашада Түркістан қаласында өтетін гранд-финалда кездеседі.

"Шахмат керуені" жобасы аясында Қазақстанның 20 қаласында блиц турнир өтеді. Гранд-финалда жеңіске жеткендерге ірі жүлде қоры үлестіріледі, деп мәлімдеді Қазақстан Шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Федерация жетекшісі Қазақстанның барлық өңірінде шахмат спортын насихаттауға арналған жобаның барысы туралы баяндады. 

"Шахмат керуені" жобасын әзірлеуге Ұлы Жібек жолы шабыттандырды. Өйткені ол бүкіл әлем бойынша сауда-саттықпен қатар әртүрлі халықтың мәдениеті мен спортын танымал етуге көмектесті. Осылайша Қазақстан аумағындағы қалаларда "Шахмат керуенін" ұйымдастыра отырып өңірлерде аталған спорт түрін нығайтуға және филиалдардың сенімді желісін құруға ұмтыламыз. Нақтырақ айтсақ, елдің 20 қаласында блиц турнир өтеді. Жоба 12 қыркүйекте басталып, 10 қарашаға дейін жалғасады", – деді Гүлмира Дәулетова.


Оқи отырыңыз: Шахматтан әлем чемпиондарына өмір бойы қаржылай көмек берілмек


Гранд-финал жеңімпаздары келесі сыйлықтарды иеленеді:

  • 1 орын – 5 млн теңге;
  • 2 орын – 2,5 млн теңге;
  • 3 орын – 1 млн теңге.

"Өңірлік турнирлер 12 қыркүйек Көкшетау, 14 қыркүйек Петропавл, 18 қыркүйек Қостанай, 21 қыркүйек Қарағанды, 24 қыркүйек Павлодар, 26 қыркүйек Семей, 28 қыркүйек Өскемен, 2 қазан Талдықорған, 4 қазан Қонаев, 7 қазан Тараз, 9 қазан Шымкент, 11 қазан Түркістан, 13 қазан Қызылорда, 18 қазан Жезқазған, 22 қазан Ақтөбе, 25 қазан Орал, 28 қазан Атырауда және 2 қараша Ақтауда өтеді. Өңірлік кезеңдердің жеңімпаздары 10 қарашада Түркістан қаласында өтетін гранд-финалда кездеседі", – деп қосты Гүлмира Дәулетова.

Суретте Дәрмен Сәдуақасов пен Гүлмира Дәулетова. Фото: ҚШФ баспасөз қызметі 

Азия шахмат федерациясының вице-президенті Дәрмен Сәдуақасов аталған жоба аясында үкімет және әкімдіктермен бірлесе отырып 5 жылда бастауыш сынып балаларының 20 пайызын қамту жоспарланып отырғанын айтты. 

"Бұл елдегі шахматтың дамуына үлкен серпін береді және зияткерлік ұлттың қалыптасуына қосылған үлкен үлес болады. Мектеп бағдарламасына шахматты енгізуге дайындық барысында елге халықаралық мамандарды шақырдық. Сонда Испания маманы парламенттерінде тек бір рет депуттаттардың бірауыздан бастаманы қолдағанын айтты. Әдетте үнемі пікірталас болып, бір шешімге келуі қиын екен. Бәрі бірауыздан қолдаған бастама – шахматты мектеп бағдарламасына енгізу. Сондай-ақ әлемде шахматтың баланың интеллектуалдық қабілетіне жақсы әсер ететінін дәлелдейтін көптеген эксперимент бар", – деді Дәрмен Сәдуақасов.

Қазір пилоттық жоба аясында Қазақстанның 7 өңіріндегі 42 мектепте балалар шахмат үйреніп бастады. Федерация өкілі осы мақсатта мұғалімдердің шахмат үйренгенін атап өтті. 


Оқи отырыңыз: Қазақстандық шахматтың "жыл жаңалығы": Жас шахматшы Қазыбек Нөгербекпен шағын сұхбат


Бұдан өзге ҚШФ директоры Тимур Турлов енді федерация белгісінде қазақтың Қошқар мүйіз ою-өрнегі болатынына және филиалдарды дамытудың маңыздылығына тоқталды. 

"Жалпы ребрендингтің ауқымына тек көрнекі бейнелер жасырылмаған, оған ҚШФ жұмысындағы жүйелі өзгерістер, сондай-ақ одан арғы жоспарлары да кіреді. Осы тұрғыда біздің федерациямыз кезең-кезеңімен ауқымды шаралар кешенін жүзеге асырып жатыр. Солардың бірі – филиалдық желіні дамыту. Бұл біз жылдамдатуды көздейтін өте маңызды мәселе. Ал осы филиалдар жергілікті жерлерде түрлі бағдарламаларды іске асыру кезінде жұмыстың негізгі құралына айналуы тиіс", – деді ҚШФ президенті Тимур Турлов.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары