"Желге ұшқан ақша". Ақтөбе облысы 234 миллионға салынған саябақтың түрінен адам шошиды

Фото: urnalavka.ru
Фото: urnalavka.ru
Саябақтың құрылысы бес жылға созылған.

Ақтөбе облысы Қандыағаш қаласында 234 миллион теңгеге салынған саябақтың қазіргі көрінісінен адам шошиды, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Жайқалған тал, егілген гүл жоқ. Гранит тастар үгітіліп, аумақ күтімсіз қалған. Халық "қараусыз жатқан аумақта тынығу мүмкін емес" деп ашынады. Тұрғындар демалыс орнын кемшілігіне қарамастан қабылдап алған шенеуніктерге ашулы. 

Қыруар қаражатқа салынған саябақтың сиқы осы. Егілген талдар қараусыз қалып, қурап кеткен. Ал жарық шамдары сынып, электр сымдары салбырап тұр. 

"Тас қараңғыда демалыс орнында серуендеу қауіпті", – дейді тұрғындар. 

Тұрғындардың айтуынша, саябаққа шырша мен қайың ағаштары отырғызылып, арнайы шатырлары, суағар мен мәңгілік алау да салынуға тиіс болған. Ал қазір демалыс орнының қоршауы құлап, спорт алаңы адам шошырлық күйде. 

Саябақтың құрылысы бес жылға созылған. 4 гектар аумақты алып жатқан демалыс орнын салуға бюджеттен 234 миллион теңге қаражат бөлініпті. Шенеуніктер биыл күтіп ұстауды өз міндетімізге алдық деп отыр. 

Ал мердігер компания өз қаржысына кемшілікті бір ай ішінде жөндеп береміз деп сендірді.

Серіктестер жаңалықтары