Қазақстандық оқушылар жазғы мектептердегі оқуын аяқтады. Онда 2 миллионға жуық бала қосымша білім алды, деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі.
Министрлік мәліметінше, жазғы мектептердің жұмысы 26 мамыр мен 17 маусым аралығында ұйымдастырылды. Бұл оқушылардың білімін нығайтып, олқылықтардың орнын толтыруға мүмкіндік берді. Жазғы мектепке бітіруші, яғни 9, 11-сынып оқушыларынан басқа барлық оқушы ерікті түрде қатысты.
"3,6 млн оқушының 2 миллионға жуығы жазғы мектепте білім алды. Балалар мен олардың ата-аналарының қалауы бойынша 38 мыңнан астам оқушыға жеке пәндер бойынша сабақтар ұйымдастырылды. Балаларды ынталандыру мақсатында сабақ стандартты формада емес, бағалаусыз өткенін де атап өткен жөн. Оқу кестесіне музейлерге саяхат, экскурсия, іскерлік ойын, шеберлік сабақтар, фильмдер мен мультфильмдерді талқылау кірді. Кітап клубтары, дискуссиялар, стратегиялық сессиялар, дебаттар және басқа да форматта сабақтар ұйымдастырылды. Жазғы мектептің қорытындысы бойынша ата-аналардың оң пікірін алдық", – деді мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің төрағасы Гүлмира Кәрімова.
Оқи отырыңыз: "Калькасыз қазақ тілі" және "Химия мектебі". Қазақ тіліндегі 10 үздік Telegram арна
Оқушылар сабақтарға дүйсенбіден жұмаға дейін қатысты. Оқу "математика", "қазақ тілі", "ағылшын тілі", "физика", "химия" және тағы басқа негізгі пәндер бойынша өтті.
Жазғы мектеп аяқталған соң мұғалімдер жыл сайынғы еңбек демалысына шығады. Демалыс 42 күннен 56 күнге дейін ұзартылғанын еске сала кетейік.