Тікелей эфир

"Жазда жылдағыдан ыстық болады". Смайылов қорықтарға өртті ерте анықтау жүйесін енгізуді тапсырды

Қазгидрометтің болжамы бойынша биыл жаз жылдағыдан ыстық әрі құрғақ болады.

Қазақстанның батысы мен шығысында және оңтүстігінде өрт қаупі күшеюі мүмкін. Бұл туралы үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов айтты. 

"Сондықтан, төтенше жағдайлардың алдын-алуға баса көңіл бөлу керек. Қазірдің өзінде кейбір өңірлерде күрделі жағдай қалыптасып отыр. Өткен аптада Қазақстанның солтүстігінде және Ресейдің шекаралас аймақтарында болған өрттің түтіні Елордаға дейін жетті. Ал табиғи өрттерге қарсы дайындық шаралары талапқа сай болмай тұр. Біз мұның қайғылы жағдайларға әкеліп соғатынын көріп отырмыз", – деді Әлихан Смайылов.


Оқи отырыңыз: Медеудегі өртті сөндіру кезінде құтқарушы қызметкер көз жұмды


Сонымен қатар премьер-министр күн жылына бастағаннан бері елімізде 120-дан астам табиғи өрт оқиғасы тіркелгенін атап өтті. Үкімет басшысының айтуынша, олар көп жағдайда адамдардың кінәсінен болады. 

"Тіпті, елді-мекендерге іргелес аумақтар мен алқаптардан басталған өрт тұрғын үйлерге ауысып, адамдардың өміріне қауіп төндіріп отыр. Биыл осындай 14 жағдай тіркелді. Бұл – бірінші кезекте, өрт қауіпсіздігіне жауапты уәкілетті органдар мен жедел әрекет етуі тиіс төтенше жағдай қызметтері мен әкімдіктердің жұмысындағы кемшілік. Сондықтан өрттен қорғайтын белдеулерді жырту, іргелес аумақтарды қураған шөптерден тазарту сияқты жұмыстарды тез арада жүргізу керек", – деді үкімет басшысы.

Серіктестер жаңалықтары