Қонаев қаласында "Таза Қазақстан" республикалық экологиялық бағдарламасы аясында қоршаған ортаны қорғауға, санитарлық тазалықты сақтауға және қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бағдарлама шеңберінде қала аумағында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылып, тұрғындардың белсене қатысуымен тазалық пен көгалдандыру бойынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда, деп мәлімдеді әкімдік баспасөз қызметі.
Бүгінгі таңда Қонаев қаласында жалпы жины 21 сенбілік өткізілді. Бұл іс-шараларға қала тазалығы мен көркейіп-бөлінуіне өз үлесін қосқан қала тұрғындары, жастар ұйымдары, еріктілер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері және белсенді азаматтар қатысты. Тазалық жұмыстарына барлығы 9000-нан астам адам тартылып, іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуы үшін апта сайын 20-дан астам арнайы техника жұмылдырылды.
"Экологиялық акция аясында қаланы көгалдандыруға ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі уақытта қала аумағында 17 700 түп жасыл желек отырғызылып, соның арқасында қоғамдық кеңістіктердің, көшелер мен тұрғын аудандардың келбеті едәуір жақсарды. Жасыл желек көлемін арттыру – қаланың экологиялық жағдайын жақсартуға, ауа сапасын көтеруге және тұрғындар үшін жайлы орта қалыптастыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Бұдан бөлек, санитарлық тазалау жұмыстары барысында көшелер, аулалар, қоғамдық орындар, саябақтар мен жағалау аймақтары тазартылып, нәтижесінде 78 тонна қоқыс шығарылды. Бұл жұмыстар қаланың санитарлық жағдайын жақсартуға ғана емес, сонымен қатар тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға да оң әсерін тигізуде", – деді әкімдіктегілер.
"Таза Қазақстан" бағдарламасы аясында Қонаев қаласының аумағында жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 3 заңсыз қоқыс орны анықталды. Қазіргі уақытта аталған заңсыз қоқыс тасталған орындарды жою және аумақтарды толық тазалау бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Акцияға кеңейтілген жұртшылық өкілдері тартылды: кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері, Ақсақалдар кеңесінің, қоғамдық ұйымдардың, білім беру ұйымдарының мүшелері, медицина қызметкерлері, сондай-ақ Қонаев қаласы мен Шеңгелді ауылдық округінің тұрғындары.
"Таза Қазақстан" республикалық акциясын ақпараттық қолдау, насихаттау және жүзеге асыру мақсатында 2026 жылға арналған іс-шаралар жоспары бекітілді. Бүгінгі таңда қала аумағында тиісті тақырыптағы 80 үгіт-насихат баннері орнатылды. Қосымша қала шарбақтарына ақпараттық-үгіт материалдары орналастырылып, орталық алаңдағы және Шошқалы сай каналы ауданындағы LED-экрандарда тақырыптық контент күнделікті көрсетілуде, сондай-ақ әлеуметтік желілерде белсенді ақпараттық сүйемелдеу қамтамасыз етілді – 160-тан астам материал жарияланып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға әрі қоғамдық сана деңгейін көтеруге бағытталған "Таза Қазақстан" стикерлерінің (логотиптерінің) 300 данасы дайындалды (мекемелердің кіреберіс есіктеріне, автобус аялдамаларына және т.б. орнату үшін). Қала тазалығы мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстар әрі қарай да жалғасады.