Қазақстанда жасы 27-ден асқан, әскери қызмет өтемеген азаматтарды әскери даярлықтан өткізу туралы ұсыныс айтылды. Мамандардың пікірінше, 27-50 жас аралығындағы ер адамдар 40 күндік жауынгерлік дайындықтан өтуі керек, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Бастама авторлары қазіргі геосаяси ахуал күрделенген тұста елдің қорғаныс резервін күшейту маңызды екенін айтады. Ұсынысқа сәйкес, азаматтарға қарумен жұмыс істеу, дрон басқару және заманауи әскери техникаларды пайдалану үйретілуі мүмкін.
Тұрғындардың пікірлері екіге бөлінді. Бірі мұндай дайындықты қолдаса, енді бірі оған қарсы екенін білдірген.
Әскери сарапшы Амангелді Құрметтің айтуынша, бастама азаматтардың әскери сауатын арттыруға көмектесер еді. Алайда ол мұндай жүйені жаппай енгізу оңай болмайтынын атап өтті.
Сарапшының сөзінше, негізгі мәселелердің қатарында қаржыландыру, заңнамалық база, азаматтардың жұмыс орнын сақтау және оқу-жаттығу инфрақұрылымының дайындығы бар.
Ал Қорғаныс министрлігі қазіргі уақытта мұндай мәселе күн тәртібінде жоқ екенін мәлімдеді. Ведомство тек азаматтардың ерікті түрде бір айлық әскери оқу-жаттығудан өте алатынын еске салды.