Бүгін жетісулық шаруалар 32,3 мың гектарды жинап алды. Облыс бойынша жүгерінің орташа шығымы 63,3 центнерден болса, бұл көрсеткіш Панфилов ауданында 66,1 центнерден келіп отыр, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Панфилов аудандық әкімдігінің мәліметінше, аудан биыл 180 мың тонна жүгері жинауды жоспарланып отыр. Мұнда әзірге жүгері алқабының 13,2 мың гектары жиналған.
Бұдан бірнеше жыл бұрын шаруалардың өтінішіне орай Пенжім ауылында облыс әкімдігінің қолдауымен жүгеріге арналған 2 қырман салынды. Екі қырман да бүгінгі күні халықтың игілігіне жұмыс істеп тұр. Жалпы бірінші қырманда бір ауысымда 1200 тонна, ал екінші қырманда бір аусымда 1500 тонна кептіріледі.
Сол сияқты "Оразбаев Б.З." шаруа қожалығы өткен жылы тәулігіне 800 тонна дән кептіретін сыйымдылығы 10 мың тонналық жүгері кептіру және сақтау зауытын салған болатын. Бұл нысанның өңір шаруашылықтары үшін де тиімділігі мол болды. Шаруашылық басшысы Берік Оразбаевтың айтуынша, қоймада 2022 жылы 5 мың тоннаға жуық жүгері дәні сақталған. Биыл да жұмыс қарқыны одан кем болмайды дейді ол. Зауытта 25 адам жұмыс істейді.
Аудан әкімі Марат Сағынбектің сөзіне қарағанда, бүгінгі күнде ауданда 30 мыңдай өнім жүгері өңдеу кәсіпорнына өткізілген. Шаруалар өнімдерін негізінен Жаркент крахмал-сірне зауытына тапсырады. Ал жалпы ауданда 4 мыңға жуық шаруашылық жүгері өсірумен айналысып отыр.
"Әлемдік нарықтағы бағаларға сәйкес бүгінгі күні жүгері 15% дейінгі ылғалдық деңгейіне қарай 70-80 теңгенің арасында бағалануда. Бұл өткен жылғы құнынан едәуір төмен. Сондықтан біз қазір жүгеріні белгілі бір көлемде Қытай нарығына да лайықты бағада өткізу туралы келісімдер жасауды жоспарлап отырмыз", – деді аудан әкімі Марат Сағымбек.
Жүгері өсіруде ылғал сақтау технологиясын енгізудің маңызы зор. Бұл ретте аудандағы "Айгерім" шаруа қожалығы алғашқылардың бірі болып озық технологияны қолдана бастады. Мысалы, шаруашылық 2022 жылы 55 гектарға тамшылатып суарау жүйесін орнатып, оған 150 млн теңге инвестиция салған. Соның нәтижесінде алқаптың әр гектарынан 15 тоннадан таза дән алыпты. Ал биыл ылғал сақтау құрылғысы орнатылған аумақтың көлемін 101 гектарға жеткізіп, оған 150 млн теңге жеке қаражатын жұмсаған. Бүгінде жаңа технологиямен жұмыс істейтін 10 шақты адамды жұмысқа тартты, жалпы шаруашылықта 20 адам еңбек етеді.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне сүйенсек, аграрлық шаруашылықтарға мемлекеттен тұрақты қолдау көрсетіліп келеді. Тыңайтқыш пен тұқым үшін, пистицид пен гербицидке, суармалы су пайдалануға, ауыл шаруашылығы техникаларын сатып алуға субсидия беріліп келеді. Сол сияқты жанар-жағармайды жеңілдікпен сатып алуға жағдай жасалған. Сонымен қатар жүгері өсірушілерге зауытқа өткізген өнімінің әр тоннасына 6 мың теңгеден субсидия беріліп отыр.