Жетісу облысы Жаркент қаласында төрт жасар баласын аяусыз соққыға жыққан әйелге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды облыстық сот.
Істі Панфилов аудандық соты қарады. Әйелге қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігінің 1-тармағы бойынша "Кәмелетке толмағанды қасақана азаптау" айып тағылған.
Сот материалдарына сәйкес, кәмелетке толмаған бала жуынатын бөлмеде суды ашық қалдырған, соның салдарынан бөлмені су басқан. Мұны байқаған анасы баласын жылыту батареясына байлап, бірнеше рет соққан. Әкесі үйге келгеннен кейін баланы ауруханаға жеткізген. Балаға оң жақ маңдай-самай аймағы мен арқасының соғылуы және теріасты гематомалары диагнозы қойылған.
Сараптама бойынша, ананың туа біткен ақыл-ой кемістігі бар. Оның психикалық жағдайына байланысты сот процесіне қатыса алмайтыны және өзіне әрі айналасындағыларға қауіп төндіретіні анықталған. Сондықтан сот әйелді қылмыстық жауаптылықтан босатып, жалпы үлгідегі психиатриялық стационарда мәжбүрлеп емдеу түріндегі медициналық шара қолдануға шешім қабылдады.
Ал балалар, оның ішінде жәбірленуші бала, Жетісу облысы денсаулық сақтау басқармасының мамандандырылған балалар үйіне орналастырылды.
Еске салайық, оқиға 18 қаңтарда болды.