"Жар іздеймін". Полиция Threads желісіндегі танысу жазбаларына қатысты ескерту жасады

Фото: pro.rbc.ru
Фото: pro.rbc.ru
Полиция онлайн танысу кезінде сақ болуға шақырды.

Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды әлеуметтік желілердегі танысуға арналған жазбаларға сақтықпен қарауға шақырды. Ведомствоның мәліметінше, мұндай жарияланымдардың артында алаяқтар жасырынуы мүмкін.

Полицияның хабарлауынша, әлеуметтік желілерде, әсіресе Threads платформасында "жар іздеймін", "танысқым келеді" деген сипаттағы жазбалар жиі кездеседі. Ондай аккаунттарды қарапайым қолданушылармен қатар, қасақана әрекет ететін алаяқтар да пайдаланады. Алаяқтар көбіне өзін тартымды жігіт немесе қыз ретінде таныстырып, хат алмасуды белсенді жүргізеді, қысқа уақыт ішінде ерекше назар көрсетіп, сенімге кіреді. Кейін әңгіме қаржылай көмек сұрауға ұласады.

Ішкі істер министрлігі алаяқтықтың жиі қолданылатын схемасын да атады:

  • белсенді қарым-қатынас орнатып, эмоциялық тәуелділік қалыптастыру;
  • өмірдегі қиын жағдайлар, ауру, шұғыл шығындар немесе "тиімді инвестициялар" туралы айту;
  • ақша аударуды, оның ішінде шетелдік криптоәмияндарға немесе үшінші тұлғалар арқылы жіберуді сұрау;
  • қаражат алынғаннан кейін байланыс үзіп, жәбірленушіні бұғаттау.

"Егер экранның арғы жағындағы адам ақша аударуды сұраса, бейнебайланыстан немесе жеке кездесуден қашса, сонымен қатар интернеттегі дайын фотосуреттерді пайдаланса, мұндай жағдайға сақтықпен қарау қажет", – делінген хабарламада.

Алаяқтардың арбауына түспеу үшін полиция:

  • интернет арқылы танысқан адамдарға ақша мен жеке деректерді бермеуге;
  • жеке фотосуреттерді жолдамауға;
  • күмәнді сілтемелерге өтпеуге;
  • сұхбаттасушының профилін мұқият тексеруге;
  • күмән туған жағдайда хат алмасуды тоқтатуға кеңес береді.

Ішкі істер министрлігінің киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті азаматтарды онлайн танысу кезінде сақ болуға және күмәнді жағдайлар туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырды.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары