Қазақстанда жүргізушісіз таксилерді сынақтан өткізуге арналған үш жылдық пилоттық жоба іске қосылады. Алғашқы кезеңде автономды көліктер Астана, Алматы және Қосшы қалаларында жолға шығады, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қазір жобаға қажетті инфрақұрылым дайындалып, көліктер жеткізіліп, олардың бағдарламалық жасақтамасы Қазақстандағы жол қозғалысы жағдайына бейімделіп жатыр.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қазір пилоттық жобаға қатысу мәселесі бойынша Yandex Qazaqstan және inDrive компанияларымен жұмыс жүргізіліп жатыр. Алайда жоба тек осы компаниялармен шектелмейді. Белгіленген талаптарға сай келетін өзге технологиялық компаниялар да қатыса алады. Автономды көліктер жолдағы жағдайды камералар мен арнайы датчиктердің көмегімен бақылайды. Жүйе бағдаршамдарды, жол белгілерін, жолақтарды, басқа көліктер мен жаяу жүргіншілерді анықтайды. Сонымен қатар әр көліктің жұмысын қашықтан оператор бақылап отырады.
Пилоттық жобаға қатысатын әрбір көлік жолға шығар алдында арнайы полигонда кемінде 100 сағат бойы апатсыз сынақтан өтуге тиіс. Жол-көлік оқиғасы болған жағдайда қатаң талаптар қолданылады:
- егер адам орташа ауыр жарақат алса, компанияның пилоттық жобаға қатысуы тоқтатылуы мүмкін;
- ауыр жарақат немесе адам өлімі тіркелсе, көліктер соттың түпкілікті шешіміне дейін пайдаланылмайды.
Әр автономды көлік үшін үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті өтеуге арналған 60 млн теңге көлемінде қосымша сақтандыру қарастырылған. Апат болған жағдайда көліктегі камералар мен жүйеде сақталған деректер негізгі дәлелдердің бірі болады. Компания өкілдері оқиға орнына 30 минут ішінде келіп, полицияға апатқа дейінгі және кейінгі 30 секундтық бейнежазбаны ұсынуға міндетті.
Пилоттық кезеңде Астанадағы алғашқы бағыттардың бірі халықаралық әуежай мен Abu Dhabi Plaza аралығы болады. Жоба аясында әзірге автономды таксилер барлық көшеде емес, алдын ала белгіленген бағыттар бойынша ғана қатынайды.