Тікелей эфир

Жандарбек Бекшин: Алматыдағы шектеу шаралары Covid-19 таралуын тәулігіне 1,2 мың жағдайға дейін төмендетті

Жалпы 2021 жылдың 1 ақпанынан 1 қыркүйегіне дейінгі кезеңде Алматыда екпенің бірінші компонентпен – 875 165 адам, ал екінші компонентпен 741 412 адам салдырды.

25 тамыздан эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтала бастағанын байқауға болады. Қала тұрғындары арасында ПТР-тест оң нәтижесі (Covid-19 "Дельта" нұсқасы бойынша) 1 605-тен 1 264-ке дейін төмендеді. 

Алматыдағы КВИ бойынша эпидемиологиялық жағдай. Жыл басынан бері КВИ-дің – 130,9 мың, тамыз айында 46,9 мың жағдайы тіркелген. 

"Мұның барлығы Алматы қаласы халқының иммунитетінің 45% болуымен байланысты. Қазіргі таңда күн сайын 3 мыңнан астам адам коронавируске қарсы екпе алып жатыр. Бір ай бұрын күніне 10-12 мың адам вакцина салдыратын. Сол себепті бұл көрсеткіш әлдеқайда аз болып отыр. 878 336 адам – (тұрғындардың 44%-ы) екпенің І компонентін, 756 156 адам ІІ компонентін (тұрғындардың 37,9%-ы) алды", – деді Жандарбек Бекшин. 

Қаладағы шектеу шаралары індеттің таралуын тәулігіне 1,2 мың жағдайға дейін азайтып отыр. Ендігі мақсат – екпе алғандардың санын кемінде 70%-ға жеткізу. 

Эпидемиологиялық тексеру нәтижелері.

КВИ жұқтырған азаматтар:

  • 20-39 жас – 35%;
  • 40-59 жас – 24%;
  • 60 жастан асқан қарт адамдар – 23% (бұл барлық науқастардың 81%-ын құрайды).

Сондай-ақ;

  • өзін-өзі жұмыспен қамтығандар – 39%;
  • түрлі кәсіпорын мен ұйым қызметкерлері – 17%;
  • зейнеткерлер – 21%.

7 күнде КВИ жұқтырудың негізгі орындары:

  • сауда объектілері – 33%;
  • отбасы мүшелері арқылы – 18%;
  • қоғамдық көлік – 17%;
  • базарларда – 13% (негізінен азық-түлік базарларында – 9%).

Ауру жұқтырудың өсу себептері:

  • биологиялық қауіптің көзге көрінбеуіне байланысты немқұрайлылық. Азаматтар індеттің жоғары қаупін инфекциялық стационарларға түскенде, отбасындағы жақындарынан айырылған кезде түсініп жатыр;
  • "Дельта" штамның жоғары жұқпалылығы мен патогенділігі науқастардың – 95%, "Ухань" штамінікі науқастардың – 50% және "Британ" штамінікі науқастардың 81%-ында байқалды;
  • тыйым салынғанына қарамастан халықтың қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарында (қала маңы аймағында және жалға алынған коттедждерде) жаппай отбасылық іс-шараларды (той, мерейтой және т. б.), ұйымдастыруы;
  • азаматтардың бір бөлігінің екпенің пайдасыздығы туралы жалған ақпарат таратуы;
  • қоғамдық орындар мен көліктерде бетперде режимін сақтамау;
  • 20 жастан асқан жастардың инфекцияның гипер-таратушылары болуы.

"Цифрландыру мүмкіндіктерін барынша пайдалана отырып объектілерді Ashyq бағдарламасына енгізіп, шектеу шараларын белгілі бір дәрежеде жеңілдетуді жөн көрдік. Олар бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің биылғы жылдың 2 қыркүйегінде жарияланған № 28 қаулысында көрсетілген. Қауырт эпидемиологиялық жағдайға байланысты негізгі шектеу шаралары жалғасатын болады. 

Эпидемияны одан әрі төмендетуді және білім беру мекемелерінде жаңа оқу жылын штаттық режимде жалғастыруды қамтамасыз ету мақсатында, тағы да халықты жедел вакцинациялауға және қоғамдық орындар мен қоғамдық көліктерде бетперде режимін сақтауға, адамдар көп жиналатын объектілерге бармауға, үй жағдайында бұқаралық іс-шараларды өткізбеуге және өзін-өзі оқшаулау режимін сақтауға шақырамын", – деп өтініш білдірді Жандарбек Бекшин. 

Екпеге медициналық қарсы көрсеткіші бар азаматтар демалыста Ashyq жүйесімен жұмыс істейтін объектілерге кіре ала ма? 

Алматы қаласы бас санитар дәрігерінің айтуынша, демалыс күндері Ashyq жүйесімен жұмыс істейтін объектілерге "жасыл" мәртебесі бар азаматтармен қатар екпеге қарсы медициналық көрсеткіші бар азаматтар да кіре алады. Бірақ оларда арнайы анықтама болуы тиіс. 

"Соңғы 7 күн ішінде тапсырған ПТР тесті теріс нәтиже көрсеткен азаматтар да Ashyq жүйесінде "жасыл" мәртебеге ие болады. Кей азаматтар созылмалы ауру, аллергия және т.б. денсаулық жағдайына байланысты себептермен екпе салдыра алмауы мүмкін. Жүкті және бала емізіп жүрген әйелдер де бар. Бірақ олардың қолында анықтамалары болуы тиіс. Бұл талаптар ҚР бас мемлекеттік санитариялық дәрігердің 26 тамыз күні жарияланған №37 қаулысында көрсетілген", – деп түсіндірді Бекшин.

Студенттерге екпе салу жалғасып жатыр. Күн сайын 200-ден астам студентке коронавирусқа қарсы вакцина салынады. Маусымда екпенің І компонентін – 4 676, шілдеде – 7 872, тамызда 4 733 студент алды. Жалпы Алматы қаласындағы студенттердің 93,7%-ы – екпенің І компонентін, 79,4%-ы ІІ компонентін алды.

"Студенттер вакцина салдыру – бұл өздерін ғана емес, жақындарын қауіпті аурудан қорғаудың қарапайым, тиімді әдісі екенін түсінеді. Екпе салдыруға тілек білдіруші тұрғындар Алматыдағы 160 екпе орталығының біріне жүгіне алады. Жалпы 2021 жылдың 1 ақпанынан 1 қыркүйегіне дейінгі кезеңде Алматыда екпенің бірінші компонентпен – 875 165 адам, ал екінші компонентпен 741 412 адам салдырды. Сондай-ақ, 60 жастан асқан 110 236 адам вакцина салдырды", – деді қаланың бас дәрігері.

Мұнымен қатар, Жандарбек Бекшин жақын арада Алматы емханаларында тұмауға қарсы вакциналау басталатынын мәлімдеді. Қазіргі уақытта ресейлік "Гриппол+" вакцинасының 180 мың дозасын сатып алуға өтінім берілген. 

Еске салсақ, кардиохирург созылмалы жүрек аурулары бар азаматтарға қорықпай екпе алуға кеңес берген еді. Айтуынша, екпе алған науқастарда кейінгі кезде болатын жүрек аурулары мен инфекциялық аурулар жеңіл өтеді.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары