Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы өзінің ең алғашқы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында "Халық үніне құлақ асатын мемлекет" тұжырымдамасын таныстырған болатын. Содан бері ол әр Жолдауға арқау болып, көптеген мәселені талқылау өзегіне айналды.
Тұжырымдамаға сәйкес азаматтардың өтінішін жедел әрі тиімді қарау үшін шаралар қабылданды. Пікір білдіру механизмдерімен қоса сан алуан диалог алаңдары пайда болды. Қоғам мен билік құрылымдары арасындағы қарым-қатынас мәдениеті өзгерді. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату, сондай-ақ азаматық қоғамның әлеуетін нығайту, оны барынша қолдау басты мақсат еді. Сонда ғана қазіргі шиеленіскен геосаяси жағдайға шыдас беруге болады.
ҚР президенті жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Елнар Берікбаевтің айтуынша, қоғамдағы өзекті мәселелерді шешу үшін азаматтардың ой-пікірімен санасу, қоғамдық талқылау жұмыстарына қатысуға мүмкіндік беру аса маңызды. Сол себепті азаматтық қоғам өкілдерінен тұратын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды. Кеңес мүшелерінің ұсыныстары, бастамалары назарға алынды. Тіпті заң қабылдауға бастама болды. Ұлттық кеңес қарапайым азаматтар мен билік арасындағы алтын көпірге айналды.
2022 жылы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына Ұлттық құрылтай құрылды. Жыл сайын құрылтай мүшелері бас қосып, келелі мәселелерді талқылады. Биыл Қызылордада өткен отырыста Мемлекет басшысы Қазақстан Халқы Ассамблеясы мен Ұлттық құрылтайдың орнына мемлекетіміздің жоғары консультативтік органы мәртебесіне ие болатын Халық Кеңесі құрылатынын айтты. Жаңа Ата Заңда Халық Кеңесіне заң шығаруға бастама жасау құқығы берілетіні жазылды. Конституцияның алтыншы бөлімі Қазақстан Халық Кеңесіне арналды. Мұндай ұйымдар азаматтық диалогты дамытуға, саяси реформалар топтамасын жүзеге асыруға ықпал етеді.
"Кеңеске 126 адам мүше болады: этномәдени бірлестіктердің 42 өкілі, мәслихаттардың 42 өкілі және қоғамдық ұйымдардың 42 өкілі. Жылына бір рет Кеңес отырысы өткізіледі. Президент Халық Кеңесінің мәртебесі мен құрылу тәртібі Конституцияның жеке бөлімінде және арнайы конституциялық заңда бекітіледі деді. Оған азаматтық қоғам мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері кіреді", – деді президент жанындағы ҚСЗИ Стратегиялық талдау бөлімінің басшысы Елнар Берікбаев.
USD:
483.1 / 486.1
EUR:
555.5 / 560.5
RUB:
5.89 / 6.09

