Жаңа мектептің салтанатты ашылу рәсіміне Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, өскелең ұрпақтың сапалы білім мен тәрбие алуына қолайлы жағдай жасау – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті екенін баса айтты. Аймақ басшысы болашақта аталған оқу ошағынан білімді азаматтардың көптеп шығатынына сенім білдірді.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Жамбыл облысының 85 жылдығы аясында "Жайлы мектеп" ел игілігіне берілуде. Бұған дейін дәл осындай мектеп Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында және Тараз қаласындағы "Бәйтерек" ықшамауданында ашылған болатын. "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асуда. Жалпы, жоба аясында облысымызда 12 мектеп салу жоспарланған. Сондай-ақ, облыста 2024 жылы құрылысы басталған 36 білім нысанының 10-ы пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 5 мектептің құрылысын аяқтау көзделуде. Ал, 2025 жылы қосымша 26 білім ошағының құрылысы басталмақ", – деді Ербол Қарашөкеев.
Бұл білім беру нысанының сыйымдылығы 1200 оқушыға арналған. Білім ордасы білім алушылар мен педагогтерге барлық жағдай жасалған. Бастауыш сыныптар, негізгі және орта мектептер жеке блоктарға бөлініп, әрқайсысы заманауи оқу бөлмелерімен, әмбебап шеберханалармен жабдықталған. Ғимаратта 256 орындық мәжіліс залы, 59 оқу кабинеті, 344 орындық асхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 2 лингафон кабинеті, STEM, графика және жобалау кабинеттері, 10 коворкинг орталығы, робототехника зертханасы, 4 шеберхана, кітапхана мен оқу залы және 2 компьютер кабинеті бар.
Ата-аналар да жаңа мектептің заманауи мүмкіндіктеріне, балаларға жасалған жағдайларға ризашылықтарын жеткізді.
"Өзім негізі 42 жыл ұстаз болып кызмет еттім. Қазіргі таңда зейнеткермін. 4 немерем бар. Бұған дейін балаларымды №37 мектепке таситынмын. Енді осы мектепке ауыстырдық. Біріншіден, бұл "Жайлы мектеп" әрі үйімізге жақын. Екіншіден, балаларды ауыстырмас бұрын мектепті аралап көрдік. Қатты ұнады. Балаларға барлық жағдай жасалған. Ұстаз ретінде айтарым, мұндай заманауи білім ошақтары оқушылардың толыққанды білім алуына әсер етеді", – дейді Алмаш Кеңесқызы.
Мектеп құрылысын Samruk-kazyna construction акционерлік қоғамының үйлестіруімен Integra Construction KZ жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген. Жобаның құны – 6 миллиард 57 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда оқу ошағына №64 мектептен үш педагог ауысу тәртібімен қабылданса, ал конкурстық негізде тағы 28 мұғалім жұмысқа тұрған.
Тараз қаласы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Раушан Қожамжарованың айтуынша, "Жайлы мектеп" жобасы аясында облыс орталығында 4 мектептің құрылысы қолға алынған. Оның ішінде, №66 және №67 мектептер пайдалануға берілсе, қазіргі таңда "Шөлдала" алқабында 600 орындық, "Ұлы дала" ықшамауданында 2000 орындық мектептердің құрылысы жүргізілуде.