Тікелей эфир

Жалпы қуаты 202 МВт болатын 13 майнинг-ферма анықталды

Анықталған майнинг фермалары бойынша уәкілетті органдар жедел тергеу іс-шараларын жүргізеді. 

Мобильді топтар жүргізілген тексерулер нәтижесінде соңғы 5 күнде жалпы тұтыну қуаты 202 МВт болатын 13 майнинг-ферманы анықтап, олардың жұмысын тоқтатты, деп хабарлады энергетика министрлігінің баспасөз қызметі.

"Цифрлық майнинг бойынша қызметті жүзеге асыру фактісі: Қарағанды облысында жалпы қуаты – 31,3 МВт., Павлодар облысында – 22 МВт, Түркістан облысында – 3,28 МВт, Ақмола облысында – 1,03 МВт, Қостанай облысында – 0,82 МВт, Нұр-Сұлтанда – 1,8 МВт, Алматыда – 3,5 МВт, Шымкентте – 4 МВт", – делінген хабарламада. 


Оқи отырыңыз: Екібастұз ГРЭС-1 аумағында майнинг дата-орталықтары жұмыс істеген


Сондай-ақ, Батыс Қазақстан облысында жалпы қуаты – 91 МВт, Қарағанды облысында – 44 МВт болатын цифрлық майнингке өздігінен шектеу енгізілген.

Министрлік мәліметінше, майнинг фермаларын анықтау және электр желілерінен ажырату бойынша мобильді топтың жұмысы жалғасады. Мұнымен қатар, анықталған майнинг фермалары бойынша уәкілетті органдар жедел тергеу іс-шараларын жүргізеді. 

Еске салсақ, Қазақстанда заңсыз майнерлердің мың мегаваттан астам электр энергиясын тұтынып отырғаны туралы хабарлаған едік. Ал тіркелген, яғни "ақ" майнерлердің үлесі – 400 МВт шамасында.

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары