ҚР Ішкі істер министрлігі интернетті пайдалана отырып жасалатын алаяқтықтардың саны көбейгенін хабарлады. Бұған пандемия кезінде онлайн қызметтер санының өсуі әсер еткен.
Жалған вакцина паспорты мен ПТР-тест анықтамасын жасайтын алаяқтардың жолын кесу туралы жиынға ҰҚК, Бас прокуратура, Ішкі істер министрлігі жанындағы ведомство аралық топ мүшелері, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Ақпарат және қоғамдық даму мен Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері қатысты. Жиын кезінде министр Ерлан Тұрғымбаев жалған медициналық қызметті ұсыну схемалары туралы баяндады.
"2021 жылдың басынан бері 110 қылмыстық іс қозғалды. Соның ішінде: жалған вакцина паспортын жасау бойынша – 50; жалған ПТР-тест анықтамасын жасау бойынша – 60 іс. Бұдан өзге жекелеген туристік операторлар да жалған вакцина паспортын жасаумен айналысқан. Вокзал, әуежай және мемлекет шекарасын кесіп өту пунктілерінде олардың жолы кесілді. Жалған ПТР-тест анықтамасын жасаған 28 тұлға жауапқа тартылды. Олардың 20-сы – медицина қызметкері, қалған 8-і – арадағы делдалдар", – деді ведомствоның баспасөз хатшысы Нұрділдә Ораз.
Мұнымен қатар, әлеуметтік желіге бақылау жүргізу кезінде жалған вакцина паспорты мен ПТР-тест дайындауға әзір екені туралы жазылған 70 хабарландыру анықталды. Олардың 37-сі бұғатталды.
"Сот хабарландыруларға қатысты 4 іс бойынша кінәлі азаматтарға жаза тағайындады. Тағы 43 іс бойынша тергеу амалдары жүріп жатыр. Оларды арнайы маман зерттеуі тиіс. Тергеу амалдары аяқталған соң әр іске құқықтық баға беріледі. Барлығы да жіті бақылауымызда", – деді ведомство өкілі.
Осы орайда Ішкі істер министрлігі қазақстандықтарды Заң бұзудан аулақ болуға шақырды.
Еске салсақ, Денсаулық сақтау саласындағы жергілікті бюджет шығынының 15% қысқарғаны белгілі болды. Әр адамға 4,4 мың теңгеден бөлінген. Ең көп Алматы қаласында адам басына 7,9 мың теңгеден жұмсалды.