Тікелей эфир

"Жайық мұнай" компаниясы қос қолынан айырылған балаға пәтер кілтін табыстады

depositphotos.com
depositphotos.com
Батыс Қазақстан облысында "Жайық мұнай" компаниясы сауапты іске өз үлесін қосты.

Кәсіпорынның қайырымдылыққа атсалысуы – көпке үлгі боларлық ізгі бастама. Екі қолынан айырылып, тағдыр тауқыметін тартқан балақайдың басындағы қайғылы оқиға күллі елге мәлім. Биыл мамыр айында Жаңақала ауданы, Жаңақазан ауылында орын алған жазатайым жайт ешкімді де бей-жәй қалдырмады.

Қоршаулы қосалқы станция ауласына кіріп, трансформатордың қақпағын ашамын деген ойын баласы Аманжолды жоғары вольтты тоқ соғып, ол санавиациямен қалаға жеткізілген болатын. Аманжолдың 18 пайыз күйік шалған қолдарын кесуге тура келді. Бұл оқиға оның ата-анасының да, барша тілеулес жанның да қабырғасын қайыстырды. Енді, міне, баланың отбасына 3 бөлмелі пәтер кілті табысталып отыр. 

"Жайық Мұнай" ЖШС компаниясының демеушілігімен Батыс Қазақстан облысы әкімі Ғали Есқалиевтің атынан табысталған су жаңа пәтер Зачаганск кентінде орналасқан. Аманжолға үнемі ауруханаға барып, тексерістен өтіп, жоспарлы түрде ем-шаралар қабылдау керек. Сондықтан да пәтер таңдауда көп қабатты үйдің емхана және өзге де әлеуметтік нысандарға жақын орналасуына көңіл бөлінген. Аманжолдың анасы Әсел Серікқызының тілегі де пәтер таңдау кезінде ескерілген. Жаңақала ауданы әкімдігі баланың бөлмесіне қажетті жиһаздарды алып берді. 

Айта кетейік, Аманжол балақайға жақында жасанды қол салынды. Алматы қаласындағы клиникалардың бірінде құны 18 млн тұратын, саусақтары қозғалатын жасанды қолдар Айболат Букенов бастаған қоғам белсендісінің бастамасымен және көптеген қайырымды жандардың көмегімен қол жеткізілді.

Аманжолдан бөлек Орал қаласында 180 отбасы қоныс тойын тойлады. Кішкентай балақай пәтер алған Арман ықшам ауданы, Мұрат Мөңкеұлы көшесі, 108/6 мекенжайында орналасқан 9 қабатты 180 пәтерлік тұрғын үй салтанатты түрде тұрғындарға табысталды. 

"2019 жылдан "Отбасы банкіне" ақшамды жинадым. "Свой дом" бағдарламасымен үй алып жатырмын. Рақмет айтамын. Құтты болсын бәрімізге де", – дейді жаңа пәтердің кілтін қолына алып, қуанышы қойнына сыймаған қала тұрғыны Гүлжанат Сәбенова.

Баспаналы болған тұрғындарды Орал қаласы әкімінің орынбасары Асхат Құлбаев арнайы келіп, құттықтады. 

"Құрметті пәтер иелері! Сіздер бұл пәтерлердің кілтін ұзақ күттіңіздер. Енді, міне, көптен күткен күнге де жетіп, өз үйлеріңізге еніп жатырсыз. Жаңа қоныс құтқа толсын", – деді Асхат Құлбаев. 

Айта кетейік, биыл Батыс Қазақстан облысында мыңнан аса адам баспаналы болады.

Серіктестер жаңалықтары