Табиғаты тамаша, қойнауы шежіреге толы Хан Ордасы ауылының орман алқабында "Нарын жастары" жастар қоғамдық бірлестігінің бастамасымен аудандық ішкі саясат бөлімі, "Орда" спорт клубының бірлесе ұйымдастыруымен өткен марафон көптің көңілінен шықты. Жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталық, аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі де марафонның өтуіне атсалысқан. Іс-шараның ашылу салтанатына Батыс Қазақстан облысының қоғамдық даму басқармасының басшысы Нұрділдә Ораз бен Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Даумов қатысты.
Нұрділдә Серікұлы тұңғыштар мекеніндегі бұл іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Әсем табиғат аясында осымен екінші мәрте өтіп отырған марафон аудан тарихын кеңінен насихаттауға аса пайдалы екенін жеткізді.
Ал Бөкей Ордасы ауданының әкімі Нұрлыбек Жасқайратұлы марафонға қатысушыларға сәттілік тілеп, Астана күні мерекесімен құттықтады.
Астананың туған күніне орай ұйымдастырылған жарысқа 100-ден астам спортшы қатысты. Жарыс қорытындысы бойынша ерлер арасында 1 орынды Орал қаласынан барған Қаныбек Ерсайын қанжығалады. Казталовтық Баубек Ильясов 2-орын иегері атанса, Ақжайықтан ат терлетіп келген марафоншы Қуандық Төлегенов 3-орынан көрінді.
Ал әйелдер арасында Оралдық желаяқ қыз Ләззат Төлепбергенова 1-орын иеленіп, 2 және 3-орын да облыс орталығынан келген бұрымдылар Айман Сәрсенғалиева мен Диана Асетоваға бұйырды.
Бұл марафонның ерекшелігі – Хан Ордасы ауылының табиғаты құмайт, топырағы қалың, орман аумағында өтуі. Мұны спорттық іс-шараға қатысушылар да мойындайды. Бұл жүгірушілерге қосымша салмақ түсіріп, марафонды күрделірек қыла түседі. Соған қарамастан желаяқтар мәреге абыроймен жетіп, әдемі жарыс өрнегін көрсетті. Орал қаласынан 600 шақырымға жуық қашықта жатқан қазыналы мекен халқы қонақжайлығымен меймандарды тәнті етті. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге дипломдар мен медальдар, сыйақылар табысталды.