Маусым айының алғашқы демалыс күндері Іле Алатауының баурайындағы көк аспан бір уақытта ондаған түрлі-түсті әуе шарлары қалықтаған алып кенепке айналды. Қазақстан, Германия, Қырғызстан, Моңғолия, Ресей және Өзбекстаннан келген 29 әуе шары үшінші халықаралық Qazaqstan International Balloon Festival фестиваліне қатысты. Алдын ала мәлімет бойынша Қазақстанның түкпір-түкпірінен, сондай-ақ Қырғызстан мен Өзбекстан елдерінен келген 30 000-нан астам қонақ қабылданды.
Шараның ашылу күні қонақтар таң алдында сіркіреген жаңбырға қарамастан, ең жақсы көрініс орындарын ерте иеленді. Таңғы салқын әрі жайлы ауа райында, шамамен сағат 7-де аэростаттар алғашқы ұшуларына көтеріліп, аспанды жаздың сан алуан түстерімен жаулады.

"Біз саяхат, табиғат, көңіл-күй және мәдениетті біріктіретін шара ұйымдастыруды мақсат еттік. Қонақтардың әсеріне қарағанда біз бұдан да ауқымды нәтижеге қол жеткіздік деп ойлаймын. Өйткені адамдардың командамыздың басты құмарлығы саналатын әуе шарларымен ұшуға ғашық болғанын көрдік. Фестивалдің өзі – көптеген адамдардың еңбегінің жемісі. Алаңда 700-ден астам адам жұмыс істеді, олардың қатарында жедел жәрдем қызметкерлері, қауіпсіздік мамандары және қызмет көрсету саласының өкілдері бар. Біз әрқайсысына алғыс айтамыз! Қазіргі таңда әлем бойынша әуе шарлары фестивальдерінің қызған шағы болғанына қарамастан, бізге тәжірибелі әрі мықты пилоттар командалары келіп, қонақтарға ұмытылмас әсер сыйлады. Сол үшін өзімізді бақытты санаймыз. Біздің көз алдымызда адамдар туған күндерін атап өтті, бала күнгі арманы орындалып қуаныштан көз жастарына ерік берді. Сонымен қатар сүйіктісіне үйленуге ұсыныс жасап, жүрегі мен қолын беріп, "Иә" деген жауап алған сәттер де болды. Осындай кезде ұзақ дайындық пен ұйқысыз түндердің не үшін қажет болғанын түсінесің", – деді Qazaqstan International Balloon Festival фестивалінің бас продюсері Наталья Расторопнова.

Сонымен қатар бұл фестиваль жай ғана авиациялық шоу емес екенін көрсетті. Әуе шарларының ұшулары арасындағы үзілістерде қонақтар гастрономиялық аймақтарды аралап, ұзындығы 15 метрге дейін жететін түрлі-түсті батпырауықтарды тамашалады, барлық жастағы келушілерге арналған шығармашылық шеберлік сабақтарына қатысып, серіктестер ұсынған сыйлықтарды ұтып алды. Ал ең кішкентай қонақтар алып батуттарда ойнап, сүйікті кейіпкерлерімен көңілді уақыт өткізді. Қонақтардың қатарында ерекше білім беруді қажет ететін балалар, қайырымдылық қорлары мен әлеуметтік ұйымдардың қамқорлығындағы тәрбиеленушілер де болды.
Кешкі уақытта фестиваль аумағы сүйікті өнерпаздардың жарқын қойылымдары өтетін үлкен жазғы open-air алаңына айналды. Нақты айтқанда, 6 маусым күні арнайы Өзбекстаннан шақырылған DJ King Macarella әсерлі шоу көрсетсе, шараның қорытынды күнінде Miras Zhugunussov пен аңызға айналған "Дос-Мұқасан" ансамблінің өнер көрсетті.
Фестивальдің есте қаларлықтай өтуіне пилоттар таңдаған орынның да ықпалы зор болды. Әдетте, әлемде әуе шарлары дәл осындай ауқымды тау көрінісі аясында көтеріле бермейді. Альпілік шалғындар, қарлы шыңдар мен ашық аспанның үйлесімі ерекше көрініс қалыптастырып, көптеген қонақтар оны Каппадокия мен Альбукерке фестивальдерімен салыстырып жатты.

"Қазақстанның Еуразиядағы әуе шарлары туризмінің маңызды орталықтарының біріне айналуға толық мүмкіндігі бар. Республиканың барлық өңірінде ұшу командалары жұмыс істейді, ал табиғи жағдайларымыз бен пилоттарымыздың кәсібилігі халықаралық деңгейдегі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік береді", – деп атап өтті Қазақстанның Әуеде ұшу федерациясының вице-президенті Рахим Қазыбаев.
Жалпы, бұл жоба жазғы маусымды ашатын басты іс-шаралардың біріне айналып, Алматы облысы әкімдігі мен Алматы облысының Туризм басқармасының жан-жақты қолдауымен өтті.

"Мұндай іс-шараларға дайындық бір ай бұрын емес, бір жыл бұрын басталады. Халықаралық әуе шарлары фестивалі Алматы облысында алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. Оның жақсы дәстүрге айналып, қазақстандық туристермен қатар шетелдік қонақтарды да тартатынына сенімдімін. Бүгінде саяхатшылар жай ғана көрікті жерлерге назар аудармайды. Олар қайталанбас әсерлерді іздейді. Дәл осындай іс-шаралар заманауи туристік имиджді қалыптастырады", – деді Алматы облысы Туризм басқармасының басшысы Қуанышбек Мирамбекұлы.
Сонымен қатар аккредиттелген БАҚ өкілдері қатысуының арқасында Қазақстан аспанының жарқын көріністері түсірілген фото және бейнематериалдар халықаралық бұқаралық ақпарат құралдарының дайджестеріне еніп, фестиваль өтіп жатқан күндердің өзінде Германия, Канада және Ресей басылымдарының беттерінде жарық көрді.
Qazaqstan International Balloon Festival фестивалі аяқталған сәтте көптеген қатысушылар ұйымдастырушыларға келесі фестивальдің қашан өтетінін сұрай бастады. Оның жауабы да айқын секілді.

Егер бұрын Қазақстан саяхатшылар үшін ең алдымен шексіз даласымен және биік тауларымен танымал болса, енді еліміздің тағы бір айрықша символы пайда болды. Ол – Алматының баурайында қалықтаған ондаған түрлі-түсті аэростаттар.
Аталған баспасөз хабарламасының мәтінін немесе фотосуреттерін пайдаланған жағдайда міндетті түрде дереккөз ретінде Qazaqstan International Balloon Festival баспасөз қызметін көрсету қажет.
Фотосуреттерге қатысты барлық құқықтар қазақстандық және халықаралық авторлық әрі сабақтас құқықтар туралы заңнамаларымен қорғалған.