Тікелей эфир

"Халық ынтымағы айқын сезілді". Маңғыстаулық құтқарушы су тасқынымен күрес қалай жүргенін әңгімеледі

Өңір құтқарушылары Маңғыстаудан бөлек, Ақтөбе, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында құтқару жұмыстарына атсалысты.

Қазақстанда биыл су тасқыны басталған кезде маңғыстаулық құтқарушылар көршілес өңірлерге барып, көмек қолын созды. Олардың ішінде Ақтөбе облысына көмекке барған алғашқы лекті Маңғыстау облысы Төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасарыНұрлыбек Айжарықов бастап барған болатын. 

"Су тасқынына байланысты көрші өңірлердегі жағдай қиындағаннан кейін Маңғыстау облысы төтенше жағдайлар департаментінің күш пен құралдары жұмылдырылып, осы өңірлерге аттанды. 25 наурызда жолға шыққан алғашқы топты өзім басқардым. Бұл топтың құрамында 52 адам болып, 5 техника, бір қайық, 8 мотопомпаны алып бардық. Ақтөбе облысының Темір ауданына қарасты Шұбарқұдық ауылында қызмет атқардық. Бұл ауылды су басып жатқан кез еді. Біз бөгет тұрғызу, суды тоқтату, сондай-ақ тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарына қатыстық. Су басқан үйлерден тұрмыстық заттарды да көшірдік", – деп еске алды Нұрлыбек Айжарықов.

Оның айтуынша, Маңғыстаудан барған мамандар су сору жұмыстарына да қатысқан. Құтқарушылар Темір ауданындағы жұмысты аяқтаған соң Қобда ауданына барып, тағы бір апта жұмыс істейді. Бұдан әрі олар Батыс Қазақстан, Атырау облыстарының елді мекендерінде құтқару жұмыстарына қатысып, жалпы ұзақтығы екі ай бойы іссапарда болған. 

Сапар кезінде мамандар тұратын жер мен көлікке арналған жанар-жағармаймен қамтамасыз етілген.

"Біз бірінші лек құрамында 52 адам барсақ, 46 маман мен 5 техника тікелей Батыс Қазақстан облысына жөнелтілді. Құлсары қаласында 150-ден аса маман жұмыс істеді. Бұл қаладағы жұмыс қиын болғандықтан, ол жаққа барған мамандарды ауыстырып отырдық. Жұмыс барысында жарақат алғандар жоқ, бәрі де қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтады. Біз үшін ең бастысы – жеке құрамның қауіпсіздігі", – деді Нұрлыбек Айжарықов.


Оқи отырыңыз: Су тасқыны болған өңірлерде қанша үй салынып, неше мектеп жөнделіп жатыр


Маманның айтуынша, төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері өңір тұрғындарына психологиялық та көмек көрсеткен.

"Бізден бөлек, халықтың өзі бір-біріне көмектесті. Сондықтан, жұмыстың бәрін құтқарушылар істеді деу дұрыс емес. Өңір тұрғындарынан басқа, бүкіл ел халқы жәрдем берді", – деді Нұрлыбек Айжарықов.

Су тасқыны кезінде іссапарға шығып, жұмыс істеген мамандардың бәрі еңбегіне лайық төлемақы алған. Нүрлыбек Айжарықов олардың ешқайсынан бұл тұрғыда шағым болмағанын атап өтті. 

Серіктестер жаңалықтары