Қызылорда қаласындағы жекеменшік мектептің 4-сыныбында оқитын Айару Аманқостың үстіне сабақ кезінде ауыр жиһаз құлап, оқушы бір аптадан бері хал үстінде жатыр, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Оқиға қаладағы "Зияткер" жекеменшік мектебінде болған. Ауыр шкаф үстіне құлағанда қыздың бүйрегі мен қуығын езіп жіберген екен. Тіпті жамбас сүйегі мен бел омыртқасы бірнеше жерден сынған.
Қыздың ата-анасы бұл жағдайға оқушылардың қауіпсіздігін сақтамаған мектеп әкімшілігін кінәлап отыр. Үзіліс кезінде ойнап жүрген ойын балалары сыныптағы киім қоятын жиһазды қозғап жіберген. Сол сәтте шкаф қыздың үстіне құлаған. Ал зардап шеккен оқушының ата-анасы мектепке айына 55 мың теңге төлеп, қыздарын сеніп тапсырған.
"Баламның денсаулығын жақсартып берсін. Ертең мен далада қалып қоймайын. Айына 55 мың төлеп, оң аяғымен кіргізген қызым мүгедек болып қалмауын сұраймын",– деді Айару Аманқостың әкесі Айтуған Маханов.
Оқи отырыңыз: "Баспалдақтан құлап кеткен". Балабақша жұмысына қатысты арыз-шағым көбеюде
Бір аптадан бері ауруханада жатқан 10 жастағы қыздың жағдайы жақсара қоймаған. Аяғынан тұрмақ түгілі, өздігінен дәретке шыға алмайды. Дәрігерлердің айтуынша, Айарудың денсаулығы қалыпқа келу үшін ұзақ уақыт ем керек.
"Шок диагнозымен шұғыл түрде ауруханаға түсті. Келген кезде жалпы жағдайы ауыр болды. Емін 21 күнге созылады деп отырмыз. Оны уақыт көрсетеді. Емнің ұзақтығы жағдайына байланысты анықталады", – деді Қызылорда облыстық көпбейінді балалар ауруханасының бөлім меңгерушісі Қанат Медетбаев.
Мектептегілер бағдарламаның түсірілім тобына қақпаны ашпай қойған. Кейін мектеп директоры хабарласып, Айарудың еміне керек қаражатты беруге дайын екенін айтқан.
Оқи отырыңыз: Жеке мектептер табыс көзіне айналды. Оқу министрлігі оларды тексеруге рұқсат сұрап отыр
Айта кетейік, осы дерекке байланысты полицейлер "Кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бабы бойынша іс қозғады. Білім басқармасы да жеке мектептегі балалар қауіпсіздігін жіті тексеруге уәде берді.