Алматыда Дүниежүзілік қатерлі ісікке қарсы күрес күніне орай "Вместе против рака" қоғамдық қоры, Kazakhstan Cancer Society және prohealth.kz медиа платформасы әлеуметтік-қайырымдылық кеш ұйымдастырды. Кеш дәрігерлерді, пациенттерді, бизнес өкілдерін, қоғамдық ұйымдарды, дипломатиялық корпусты және бұқаралық ақпарат құралдарын "Ерте диагностика адам өмірін сақтайды" деген ортақ идея төңірегіне біріктірді.
Бағдарламаның басты назарында онкология тақырыбына қатысты қорқыныш пен тыйымнан ада, ашық әрі шынайы диалог болды. Негізгі спикерлердің бірі – онколог-дәрігер, "Онколог без халата" кітабының авторы Қуантқан Жабағын. Ол өз сөзінде диагностика мен емдеу жолына қатысты кәсіби әрі жеке тәжірибесімен бөлісіп, күрделі медициналық үдерістерді қарапайым әрі түсінікті тілмен жеткізді. Сондай-ақ онкологиялық аурулар жөніндегі қалыптасқан мифтерді жоққа шығарып, өмірге деген көзқарасты жаңаша пайымдауға шақырды.
Шара аясында әйелдердің портреттері мен онкологиялық диагнозы бар балалардың суреттері қойылған көрме аймағы ұйымдастырылды. Жас қатысушылардың арт-жұмыстары қайырымдылық аукционның бір бөлігіне айналды. Жиналған барлық қаражат ерте диагностиканың инновациялық Ophtascan технологиясын дамыту мен енгізуге бағытталды.
Ophtascan технологиясы жасанды интеллектке негізделген және 95 пайыздан жоғары дәлдікпен бірқатар онкологиялық аурулардың, соның ішінде сүт безі, өкпе, қуық асты безі, жатыр мойны және жатыр обырының даму қаупін анықтауға мүмкіндік береді. Шешім аурудың ерте кезеңдеріне бағытталған, дәл осы кезеңде дер кезінде қойылған диагноз емдеудің тиімділігі мен пациенттердің өмір сүру ұзақтығына тікелей әсер етеді.
"Біздің мақсатымыз – мәселе туралы жай ғана айту емес, нақты өзгерістерге ықпал ететін құралдар жасау. Заманауи диагностиканы дамыту – бұл адамдардың өміріне және денсаулық сақтау жүйесінің болашағына салынған инвестиция", – деді Kazakhstan Cancer Society президенті Дидяра Қайдарова.
Сонымен қатар кеш барысында Berkata компаниясынан онкологиялық тәуекелдерді ерте анықтауға арналған бес генетикалық тест ойнатылды. Бұл тест бір ғана қан талдауы негізінде онкологиялық аурулардың 10 түрлі локализациясы бойынша скрининг жүргізуге мүмкіндік береді. Бір тесттің құны – 500 000 теңге. Әлеуметтік-қайырымдылық кешке қатысқан бес адам тестілеуден тегін өту мүмкіндігіне ие болды.
USD:
463.1 / 465.9
EUR:
543.0 / 548.0
RUB:
6.05 / 6.17

