ВИЧ пен наркологиялық тексеру: Ресейге баратын қазақстандықтарға жаңа талаптар қойылады

Фото: РИА Новости / Алексей Даничев
Фото: РИА Новости / Алексей Даничев
Ресей шекарасында тәртіп күшейеді.

Ресейге кіру тәртібі қатаңдай түсуі мүмкін. Мемлекеттік дума депутаттары шетел азаматтары үшін міндетті медициналық тексеру енгізуді ұсынып отыр. Бұл талап қазақстандықтарға да қатысты болмақ, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Ұсынылған заң жобасына сәйкес, Ресейге кірген кез келген шетел азаматы 90 күннің ішінде емес, небәрі 30 күнде медициналық тексеруден өтуге тиіс. Ал елде ұзақ уақыт болуды жоспарлағандар жыл сайын ВИЧ инфекциясы мен есірткіге тәуелділіктің жоқтығы туралы анықтама тапсырып отыруға міндеттеледі.

Егер тексеру барысында инфекция бары немесе тыйым салынған заттарды қолдану фактісі анықталса, бұл ақпарат тиісті мемлекеттік органдарға бірден жолданады. Талапты орындамағандарға салынатын айыппұл мөлшері 12 есеге ұлғайып, қазақстандық валютаға шаққанда 164 мыңнан 329 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін.

Сонымен қатар, медициналық мекемелерге де жауапкершілік күшейтіледі. Шетел азаматтарына жалған медициналық анықтама бергендерге 4 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Бұл өзгерістер Ресейде білім алатын студенттерге, жұмыс істеуді жоспарлаған азаматтарға және елге жиі сапарлайтындарға тікелей әсер етеді. Заңсыз көші-қонмен күрес пен шетел азаматтарының денсаулығын бақылауды күшейтуді көздейтін заң жобасын қазірдің өзінде 427 депутат қолдап отыр.

Серіктестер жаңалықтары