Қызылорда облысының 16 жастағы тұрғыны Сұңқар Сәбит Үндістанға ем іздеп барған сапарында көз жұмды. Жасөспірім шетелде екі аптаға жуық болғанымен, толыққанды ем қабылдап үлгермеген, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Марқұмның анасы Райхан Мәлікова ұлын аман алып қалу үшін бар жиған-тергенін жұмсағанын айтады. Оның сөзінше, Шымкент қаласындағы делдал компания арқылы Үндістанға барған. Алайда ем ұйымдастырудың орнына, түрлі сылтаумен қаржы талап етіліп, уақыт созылған.
Анасының айтуынша, бұл сапарға 15–20 миллион теңгеге дейін қаражат кеткен. Қаражаттың бір бөлігі несиеге алынған, ал бір бөлігін халық жинап берген. Соған қарамастан, нақты ем жүргізілмегенін айтып, делдалдарды жауапқа тартуды талап етеді.
Ал делдалдық қызмет көрсеткен Medical travel компаниясы өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарды. Компания өкілдерінің мәлімдеуінше, олар пациенттен тікелей ақша алмайды, ал барлық медициналық қызметтер үшін төлемді науқастың өзі емханаларға жүргізген.
Қазіргі таңда бұл іс бойынша Қызылорда облыстық прокуратурасы тексеру жұмыстарын бастады. Ведомство өкілдері істің мән-жайы толық зерттеліп, құқықтық баға берілетінін мәлімдеді.
Белгілі болғандай, жасөспірімнің өліміне бастапқыда қойылған қатерлі ісік емес, жүрек-қан тамырларының бітелуі себеп болған. Осыған байланысты анасы қазақстандық дәрігерлердің диагноз қоюдағы әрекетіне де шағым түсіреді.
Сұңқар Сәбит биыл колледжге түсіп, электрик мамандығын таңдаған еді.