Үндістанның шығысындағы Одиша штатында бірнеше пойыздың соқтығысуы салдарынан қаза тапқандар саны 288 адамға дейін өсті. 900 адам түрлі жарақат алды. Бұл туралы ҚазАқпарат BBC News агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.
"Шалимар-Коромандель" жүрдек пойызы жергілікті уақыт бойынша сағат 19.00 шамасында рельстен шықты. Пойыздың бірнеше вагоны "Есвантпур-Хаора" экспресі жүретін басқа жолға түсіп кетті. Қарсы бағытта жүріп келе жатқан пойыз әуелі осы вагондармен, содан кейін жолда тұрған тағы бір жүк пойызымен соқтығысты.
Бұл – Үндістанда 1980 жылдардан бергі ең үлкен теміржол апаты. Жергілікті биліктің бағалауынша, құрбан болғандардың саны артуы мүмкін.
Апат болған жерге 200-ден астам жедел жәрдем көлігі келіп жетті, кезекшілікке қосымша 100-ден астам дәрігер жұмылдырылған.
Куәгерлердің айтуынша, тірі қалған жолаушылардың көпшілігі аударылған вагондарда қалған адамдарға көмекке келген. Құтқару жұмыстары жүріп жатыр.
Оқи отырыңыз: Балалар неше жастан бастап пойызбен жалғыз өзі сапарға шыға алады?
Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди қаза тапқандар мен зардап шеккендердің туыстарына көңіл айтып, апат болған жерде құтқару жұмыстары жүргізіліп жатқанын және зардап шеккендер қажетті көмек алу үшін қолдан келгеннің бәрі жасалып жатқанын хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министр Нарендра Модиге және Үндістан халқына теміржол апаты салдарынан болған қайғылы оқиғаға байланысты көңіл айтты.
"Одиша штаты, Баласор елді мекенінде болған теміржол апаты салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды күйзеліспен қабылдадым. Жақындарынан айырылған отбасылардың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын. Сондай-ақ зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдіремін. Осындай азалы сәтте Үндістан халқымен біргеміз", – деп жазылған жеделхатта.
Үндістандағы ең үлкен теміржол апаты 1981 жылы Бихар штатындағы циклон кезінде болған. Ол кезде жолаушыларға лық толы пойыз өзенге құлап, кем дегенде 800 адам көз жұмған.