"Мемлекет қаржысының тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден бір жолы – көрпеге қарай көсілу. Сондықтан бюджет қаражатын стратегиялық маңызы жоқ, аса шұғыл емес шаруаларға оңды-солды шашуды доғару керек",-деді мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында.
Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев бюджетаралық қарым-қатынасты да ретке келтіру қажеттігіне назар аударды:
"Шағын және орта бизнестен түсетін салықты аймақтардың өзінде қалдыру дұрыс әрі уақтылы қабылданған шешім болды. Бұл қадам кәсіпкерліктің дамуына едәуір серпін берді. Сонымен қатар әкімдердің дербестігін арттырды. Алайда кейбір әкімдер қосымша кіріс көзіне ие болған соң, оны елге пайдасыз іске шашып, тиімсіз жұмсайтын болды. Аса маңызды емес міндеттер мен жобаларға қаржы бөле бастады. Үкімет бюджет тапшылығының орнын толтыратын қаржы көзін табу үшін тиімді компенсациялық тәсілдер ойластыруы қажет".
Президент Ұлттық қордың рөліне жеке тоқталды:
"Қордың қаражатын, ең алдымен, мемлекет мүддесі үшін, яғни еліміздің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асыру үшін пайдалану қажет. Ұлттық қор шетелдік қаржы институттарына қызмет етпеуі керек. Ұлттық қор – ұзақ мерзімге арналған макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ететін аса маңызды құрал. Сондықтан оны тиімді басқару қажет".