Тікелей эфир

Ұлттық экономика министрлігі көлік салығын жоюды ұсынды

Бұл ұсыныс қозғалтқыш көлемі шағын автокөліктерге ғана қатысты.

Ұлттық экономика министрлігі қозғалтқыш көлемі үлкен автомобильдер бойынша салықты сақтай отырып, көлік құралдарына салынатын салықты жоюды ұсынды. Бұл ұсыныс Ашық НҚА порталында жария болған Салық кодексінің жобасына реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жазылған.

Ұлттық экономика министрлігінің түсіндіруінше, 2025 жылы ЕАЭО елдері шеңберінде мұнай өнімдерінің бірыңғай нарығына көшу жанар-жағармай бағасының айтарлықтай өсуіне әкеледі. Бұл көлікті пайдалану шығындарын арттырып, "эконом" класты көлікке иелері үшін ауыр соғады.

Осы орайда, Ұлттық экономика министрлігі қозғалтқыш көлемі шағын автокөліктерді салықтан босатуды ұсынып отыр. Дегенмен, құжатта қозғалтқыш көлемі нақты жазылмаған. Министрлік мәліметінше, 2022 жылы көлік салығынан мемлекеттік бюджетке 70 млрд теңге шамасында қаржы түскен.


Оқи отырыңыз:


Еске салайық, қазіргі таңда ел азаматтарының жекелеген санаттары көлік салығын төлеуден босатылған. Олардың қатарына ҰОС ардагерлері мен оларға теңестірілгендер, КСРО және Социалистік еңбек ерлері, мүгедектер және тағы басқалар. Алайда, олардың меншігіндегі көлік қозғалтқышының көлемі 4 мың текше сантиметрден асатын болса, салық бойынша жеңілдік күшін жояды.

Консультативтік құжат жобасын жария талқылау мерзімі – 29 қыркүйек.

Серіктестер жаңалықтары