Тікелей эфир

Үлгерімі нашар мың оқушы дарынды балаларға арналған мектепке қабылданады. Олар кімдер?

7 беделді халықаралық олимпиадаға қатысуға 31 толық квота бөлінді.

Алғаш рет түрлі олимпиаданың 100-ден астам жеңімпазы мен жүлдегеріне отандық жоғары оқу орындарына "конкурстан тыс" оқуға қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінді, деп мәлімдеді оқу-ағарту вице-министрі Ғани Бейсембаев. Мұнымен қатар, ол әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балаларға қандай мүмкіндіктер беріліп отырғанына тоқталды.

"Биыл шілде-тамыз айларында балалар қатысатын 7 беделді халықаралық олимпиадаға қатысуға 31 толық квота бөлінді. Алғаш рет республикалық қаражат есебінен осы халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, оларды дайындаған педагогтар марапатталады", – деді Ғани Бейсембаев.

Сондай-ақ, вице-министр алғаш рет халықаралық зияткерлік, шығармашылық, спорттық олимпиадалардың 100-ден астам жеңімпазы мен жүлдегеріне отандық жоғары оқу орындарына "конкурстан тыс" оқуға қабылдау үшін ерекше гранттар бөлінгеніне тоқталды.


Оқи отырыңыз: Ерекше балалармен жұмыс істейтін ұстаздар қанша жалақы алады?


"Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан үлгерімі нашар 1 000 оқушы алғаш рет дарынды балаларға арналған 134 мектепте талантты қатарластарымен тең дәрежеде оқуға мүмкіндік алады", – деп қосты вице-министр.

Ары қарай ол биыл алғаш рет 25 мыңнан астам баланы оқу орындарына қауіпсіз тасымалдау үшін арнайы мектеп автобустарының автопаркі ауқымды түрде жаңартылатынын хабарлады. Әкімдіктер лизинг арқылы 515 мектеп автобусын сатып алады. Алғашқы автобустарды осы айдың ішінде Ақмола облысына жеткізу жоспарланған.

Бұдан өзге биыл колледждерге түсетін балаларға техникалық және кәсіптік білім беруге республикалық бюджеттен 45 мың орынға 10 миллиард бөлінді. Осылайша, мемлекеттік тапсырыс 40 пайызға артты.


Оқи отырыңыз: Аймағамбетов: 30 жыл өтілі бар ұстаздарға жеңілдіктер жасалады


"Оқуға түсушілер үшін қабылдау емтихандары тоқтатылды, енді олар аттестаттың орташа балы арқылы қабылданады. Талапкер 4 колледж бен 4 мамандықты өз бетінше таңдайды, 3 біліктілікке дейін алуға мүмкіндік берілді. Кәсіпорындарға мақсатты мемлекеттік тапсырыс берілді, енді кәсіпорындар студенттерді өз бетінше таңдай алады. Оқу орнымен бірге білім беру бағдарламаларын әзірлеп, қажетті мамандарды уақтылы дайындайды. Жеңілдікті қабылдау квоталарының тізбесі 9 санатқа дейін кеңейтілді", – деп түсіндірді Ғани Бейсембаев.

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары