Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметте бірқатар ауыс-түйіс жасады. Премьер-министр мен оның орынбасары, бірқатар министрлер тағайындалды:
- премьер-министр – Олжас Бектенов;
- премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі – Нұрлан Байбазаров;
- қаржы министрі – Мәди Такиев;
- денсаулық сақтау министрі – Ақмарал Әлназарова;
- төтенше жағдайлар министрі – Шыңғыс Әрінов.
Осыған орай, Информбюро порталы Үкіметтің қаншалықты жасарғанын есептеп шығарды.
Ескерту: есепке үкімет басшысы, оның орынбасарлары және министрлердің жасы алынды.
Оқи отырыңыз: Үкіметтің орташа жасы – 43 жас. Министрлер кабинеті қаншалықты жасарды?
Үкіметтің бұрынғы құрамының орташа жасы 51,32 жас болса, ол жаңа тағайындаулардан кейін 50,44 жас болып, 1 жасқа жетер-жетпес жасарды.
- Ең жас министр – 40 жастағы Шыңғыс Әрінов (1983 жылы туған);
- Ең егде жастағы министр – 62 жастағы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев (1961 жылы туған).
Үкімет құрамында гендерлік тұрғыда өзгеріс жоқ. Бұған дейін де премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованы қоса алғанда төрт әйел министр болды. Тек денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиниятты Ақмарал Әлназарова алмастырды.
Еске сала кетсек, 2023 жылдың басында 1990 жылы туған Асхат Оралов пен Зүлфия Сүлейменова министр лауазымына тағайындалған кезде министрлердің орташа жасы 43 жасты құрады.