
Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп, деді мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
"Сырттағы ахуал күрделі болса да, елімізде жақсы нәтижелер бар. Ел экономикасы өсіп жатыр. Бірақ шешімін таппаған түйткілдер әлі де көп. Қазіргі таңдағы басты мәселе мынадай. Әлем экономикасында болып жатқан тарифтік тартыстар мен санкциялық текетірестер қалыпты жағдайға айналды. Бұл үдерістің салдары жойқын болуы мүмкін", – деді президент.
Ары қарай мемлекет басшысы "жасыл энергетиканы" дамыту тәсілдерін қайта қарау қажеттігіне тоқталды. Сондай-ақ президент технологиясы дамыған елдер арасында бәсеке күшейіп келе жатқанын еске салды.
Оқи отырыңыз: Тоқаев Үкіметтің ҚҚС мөлшерлемесін көтеру туралы ұсынысын қолдады
"Климатқа байланысты ұстанымдар да үлкен өзгеріске ұшырайтын болды. Мұндай жағдайда "жасыл энергетиканы" дамыту тәсілдерін қайта қарауға тура келеді. Бір жағынан, дәстүрлі қуат көздеріне деген сұраныс сақталады. Екінші жағынан, бұл мұнай, газ және көмір бағасының тұрақсыздығына әкеп соқтырады. Қаржы саласында криптовалюталар мен басқа да цифрлық активтер кеңінен қолданыла бастады. Жасанды интеллектіні дамыту алдыңғы қатарға шықты, соған байланысты технологиясы дамыған алып елдер арасында бәсеке қыза түспек. Жаңа дәуірдің сын-қатерлері аз емес. Оны еңсеру үшін бізге тиісті стратегия керек", – деп қосты мемлекет басшысы.