Тікелей эфир

Үкімет ірі инвесторларға арналған басым қызметтер тізімін жойды

Оның орнына тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі болады.

2023 жылдың ақпан айынан бастап ірі инвесторлар үшін Қазақстанда жаңа жобаларды іске қосу және қолданыстағы жобаларды жаңғырту мүмкіндіктері едәуір кеңейтілді, деп хабарлады Үкіметтің баспасөз қызметі.

Премьер-министр Әлихан Смайылов «Инвестицияларды мемлекеттік қолдауды іске асырудың кейбір мәселелері туралы» Үкімет қаулысына енгізілген тиісті түзетулерге қол қойды. 

Осылайша, Үкіметпен Инвестициялық міндеттеме туралы келісім бекітуді жоспарлап отырған заңды тұлғалар үшін қызметтің басым түрлерінің тізбесі алынып тасталды. Бұл келісім бойынша 10 жылға дейінгі мерзімге салық мөлшерлемесі белгіленеді, ал инвестор оның өтеуі ретінде қомақты қаражат салуға, қандай да бір өндірісті іске қосуға немесе жаңғыртуға, қазақстандық кадрларды оқытуға және тағы басқа міндеттеледі.


Оқи отырыңыз: Үкімет балалы отбасыларға 4 түрлі жәрдемақы береді. Алу жолдарын түсіндіреміз


Бұрын қызметтің басым түрлерінің тізбесіне сәйкес келетін жобаларға қатысты осындай келісімдерге қол қоюға болатын еді. Мәселен, ет өнімдерін, жемістерді немесе көкөністерді өңдеу, фармацевтикалық препараттарды өндіру және басқалар.

Сонымен қатар енгізілген түзетулерге сәйкес тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі анықталды. Яғни, енді ірі компания немесе кәсіпкер бұл тізімге енгізілмеген кез келген инвестициялық бағытты еркін таңдап, Үкіметпен Инвестициялық міндеттемелер туралы келісім жасай алады. Атап айтқанда, тыйым салынғандар санатына акцизделетін өнімдердің көтерме саудасы және (немесе) өндірісі, лотерея өткізу, ойын бизнесі саласындағы қызмет және тағы басқа барлығы 14 тармақ жатады. Барлық басқа бағыттар бойынша шектеулер жоқ.

Осылайша, Үкімет республикадағы инвестициялық белсенділікті ынталандырады және ірі жобаларды іске асыру үшін қолайлы жағдайлар жасайды.

Серіктестер жаңалықтары