Үкімет 5 жылдан кейін қазақстандықтардың орташа жалақысы 570 мың теңгеден асады деп болжап отыр. Алайда экономист Сапарбай Жорабаевтың айтуынша, инфляция төмендемесе, жоғары айлық алатындардың жалақысы тұрақталмаса қарапайым халықтың жағдайы өзгермейді, деп хабарлады 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биыл бірінші тоқсанында орташа айлық жалақы 382 мың теңге болған. Ал Үкімет болжамына сенсек, келер жылы елдегі бір қызметкердің орташа айлығы 431 мыңға өспек. 2026 жылы оған тағы 36 мың теңге қосылады. Осылайша 2029 жылға қарай еңбекақы 573 мыңға жетпек. Сондай-ақ, ең төменгі зейнетақы да өсіп, 82,6 мың теңге болады деп отыр.
Алайда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып қала бермек. Ал экономист Сапарбай Жобаев инфляция төмендемесе, жоғары айлық алатындардың жалақысы тұрақталмаса қарапайым халықтың жағдайы өзгермейді дейді.
"Биліктегі, кәсіпорындардағы, банктердегі, қордағы басшылардың жалақысы өте үлкен. Яғни, бұл салалардағы бір адамның жалақысы 10 адамға бөлінгенде жаңағы 350 мыңға, 400 мыңға шығып кетеді. Ал негізінен халықтың көпшілігі 150-170 мың алады. Сондықтан халықтың жағдайы жақсы болып кетеді екен деген мәселе сәл дұрыс емес. Биліктегілердің жағдайы жақсарып кете береді де, егер де осы жүйе өзгермесе ал мынау халықтың жағдайы бірқалыпты болып тұра береді", – деді экономист Сапарбай Жобаев.