Үкіметтің бүгінгі отырысында күн тәртібінен тыс мәселе ретінде елдің оңтүстік өңірлерін алдағы вегетация кезеңінде сумен қамтамасыз ету жағдайы талқыланды.
Отырысты ашқан Премьер-министр Олжас Бектенов бұл мәселе өңірлердегі жағдайға байланысты жедел қаралып отырғанын атап өтті.
"Отырыстың күн тәртібінен тыс алдағы вегетация кезеңінде еліміздің оңтүстік аймақтарын сумен қамтамасыз ету мәселесін тыңдаймыз. Өткен аптада Қанат Алдабергенұлы және Ауыл шаруашылығы, Су ресурстары министрлерімен бірге оңтүстік аймақтарға барып, жергілікті халықпен бірнеше кездесу өткізіп, тиісті түсіндірме берген болатын", – деді Үкімет басшысы.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, 4-5 желтоқсан күндері Қызылорда, Түркістан және Жамбыл облыстарында Су ресурстары министрлігі, Ауыл шаруашылығы министрлігі, жергілікті әкімдіктер мен құқық қорғау органдары, сондай-ақ су шаруашылығы ұйымдары мен шаруалардың қатысуымен көшпелі кеңестер өткізілген.
Оның мәліметінше, үш өңірде де су тапшылығының жалғасып жатқаны расталған.
"Үш өңірде де су аз кезеңнің жалғасып жатқаны расталды. Шардара су қоймасына су келуі 43 пайызға төмендеді. Нарын–Сырдария каскадындағы ірі су қоймалардағы су көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 3,8 млрд текше метрге кем. 2026 жылғы вегетацияға болжамды су келуі небәрі 1–2 млрд текше метр деп бағаланып отыр, бұл 1 млрд текше метрге дейін тапшылық қаупін тудырады. Жамбыл облысында су қоймалардың толымдылығы бар болғаны 41 пайызды құрайды. Киров және Теріс-Ащыбұлақ су қоймаларын жобалық деңгейге дейін толмау қаупі бар", – деді ол.
Сонымен қатар, вице-премьер кейбір облыстарда келесі жылға жоспарланған ылғалсүйгіш дақылдар көлемін қысқарту бойынша жоспардың орындалмағанын айтты. Оның айтуынша, су үнемдеу бағытында оң үрдіс бар: су үнемдеу технологиялары қолданылатын алқаптар 543,5 мың гектарға жеткен, ал жыл сайын бұл көрсеткіш шамамен 150 мың гектарға ұлғайып отыр. Бозымбаев мемлекеттік қолдаудың да едәуір артқанын атап өтті. 2026–2028 жылдарға арналған бюджетте 228,1 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде 214,6 млрд теңгесі инвестициялық субсидияларға бөлінген.
USD:
521.5 / 524.3
EUR:
608.5 / 613.5
RUB:
6.47 / 6.59