Тараз тұрғындары "Жайлы мектеп" құрылысына ұсынылған жер телімінің жайсыз жерге түскеніне наразы. Айтуынша, білім ордасы түзету мекемесінің жанына орналасады және маңайдағы қос канал балалардың өміріне қауіп төндіреді, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.
"Айдалаға қай басымен соғып жатыр? Үкімет бала-шағаға қарамай ма? Айдала, зона бар. Ертең балалар суға батып кетсе, кім жауап береді?" – деді Шөлдала алқабының тұрғыны Гүлжәмила Өмірбаева.
Жазасын өтеушілер күндіз таратылып, кешке тіркелуге келетін түзету мекемесі жайлы мектептің жолында тұр. Жұрт ендігі жерде балаларымызды жазасын өтеушілермен жағаластырып мектепке жіберуден қорқамыз, дейді.
"Жанымызда тұрған қандай мекеме екенін барлығы жақсы біледі. Бүгін бір адам қашып кетіп, төбемізде таңертеңнен бері тікұшақ ұшып жүр", – деді Шөлдала алқабының тұрғыны Қатира Ниязова.
Жергілікті билік жайлы жер тапса, мердігер компания құрылыс жұмысын бастауға дайын тұр. Әзірге "Самұрық Қазынадан" қаржыландыратын құрылысқа ұсынған бірнеше жер талапқа сай келмей, соңғысына тоқталған.
"Жерді жергілікті атқару органдары таңдайды. Бізге солар ұсынады. Жаңағы жерде газ құбыры тұр. Оның арғы жағында 500 метрде судың екі желісі жатыр, мектеп сыймады. 600 орындық мектепке ең кемінде 3 гектар жер керек", – деді Samruk-Kazyna Construсtion АҚ Жамбыл облысы бойынша аумақтық өкілі Мұрат Сейдалин.
Газ құбырына байланысты орын ауыстырса, енді жер көлемі келмей биліктің басы қатқан. Ойласа келе "Жайлы мектепті" ауыл сыртына салған.
"Болашақта ауылды сол жаққа қарай өсіретін боламыз. Сонда әкімшілік ғимараттарды қалыптастыру, инженерлік желілермен қамту, соның бәрі бас жоспардың негізінде қарастырылып отыр. Бүгінгі күнмен қарауға болмайды. Ауылдың ішінде орталығында мүмкіндігі жоқ", – деді Тараз қаласы әкімдігі сәулет және қала құрылысы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Нұрсұлтан Исабеков.
Бірақ болашақ үшін деген бұл жауапқа жұрттың жұбанғысы жоқ. Жамбыл облысы бойынша "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 12 білім ұясы бой көтереді.