Тікелей эфир

Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 1300 адамнан асты

Құтқарушылар үйінділердің астынан адамдарды іздестіріп жатыр.

6 ақпанда Түркия мен Сирияда 7,8 балдық қуатты жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі жергілікті уақыт бойынша таңғы 4.17-де, ел тұрғындары ұйықтап жатқанда орын алды. Эпицентр Түркияның оңтүстік-шығысындағы миллионнан астам тұрғыны бар Газиантептен 32 шақырым Нұрдағы қаласынан 26 шақырым жерде орналасқан. 

АҚШ Геологиялық қызметінің мәліметінше, эпицентр 17,7 км тереңдікте болған. Түркия мен Сирияда да көз жұмғандар мен жарақат алғандар саны артып жатыр. 

Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған 1939 жылдан бергі ең қуатты жер сілкінісі деп мәлімдеді. Қаза тапқандар саны 912-ге жетті. Жарақаттанғандар бес мыңнан асты. Құтқару жұмыстарына 9 мың астам адам жұмылдырылды. 

Фото: Ихлас ақпарат агенттігі (iha) / Reuters

Түркияның ішкі істер министрі Сүлейман Сойлу жер сілкінісінен 10 қала – Газиантеп, Кахраманмарас, Хатай, Османие, Адыяман, Малатья, Шанлыурфа, Адана, Диярбакыр және Килис зардап шеккенін хабарлады. Жер сілкінісінен жүздеген ғимарат қирады, соның ішінде рим дәуіріне тиесілі түрік бекінісі Газиантеп пен Сирияның Алеппо қаласындағы ЮНЕСКО тізіміне енген қамал бар.


Оқи отырыңыз: ТЖМ жер сілкінісі болғанда іздестіру-құтқару жұмысын қалай жүргізеді? Фоторепортаж


Сирияда 300-ден астам адам көз жұмды, мыңнан астам адам жарақаттанды. Екі мыңдай адам із-түссіз жоғалып кетті. Елдің денсаулық сақтау министрлігі Алеппо, Латакия, Хама және Тартус провинцияларында құрбандар бар екенін мәлімдеді.

Жер сілкінісін Ливан, Грекия, Израиль мен Кипр тұрғындары да сезген. 

Фото: Анадолы агенттігі / Getty Images

Түркия әлемдегі жер сілкінісі қатері жоғары аймақтардың бірінде орналасқан. Бұл ел Анадолы тақтасының үстінде, сағат тіліне қарсы баяу айналатын және жыл сайын бір 2,5 сантиметрге жылжып, уақыт өте келе батысқа қозғалатын жер қыртысының блогында орналасқан. Африка тақтасы мен Еуразия тақтасының соқтығысуы жер сілкінісінің жиілеуіне әкелуі мүмкін. 


Оқи отырыңыз: Жер сілкінгендегі қауіпсіздік шаралары қандай?


Қуатты жер сілкінісінен 12 сағат өткеннен кейін Түркия мен Сирияда тағы да жер сілкінді. Мемлекет және халықаралық ұйым басшылары, саясаткерлер Түркия мен Сирияға көңіл айтып, гуманитарлық көмек беріп, құтқару жұмыстарына араласатынын мәлімдеді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайип Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдады.

1999 жылдың 17 тамызына қараған түнде Мәрмәр теңізінің жағалауында 7,4 балдық қуатты жер сілкінісі болды. Табиғи апат салдарынан 17 мыңнан астам Түркия азаматы қаза тапты. 

Серіктестер жаңалықтары