Түркістан өңіріндегі "Turan" арнайы экономикалық аймағында толық циклді тоқыма өнімдерін өндіретін мақта агроөнеркәсіптік кешені пайдалануға берілді, деп хабарлады Ауыл шаруашылығы министрлігі. Жіп иіру және мата өндіруге маманданған "Түркістан тоқыма" ЖШС (Kazakhstan Lihua) ірі өндірістік нысаны өз жұмысын бастады.
Аталған жобаның іске асырылуы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі стратегиялық міндеттерге толық сәйкес келеді.
Жаңа кешен жоғары қосылған құны бар заманауи тоқыма саласын қалыптастыруға, сондай-ақ шикізатты ел ішінде терең өңдеуді дамытуға бағытталған. Жобаның жалпы құны 86,2 млрд теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстары 2024 жылы басталып, биыл өндірістің алғашқы кезеңі іске қосылды. 2026 жылдың желтоқсанына дейін жобаның тағы үш кезеңін аяқтау жоспарлануда.
Жоба толық қуатына шыққаннан кейін кешен жыл сайын 11,4 мың тонна жіп, 47,3 млн шаршы метр мата, 2 млн төсек-орын жиынтығы және 4 млн көрпе өндіретін болады. Жобаны іске асыру отандық жеңіл өнеркәсіптің импортқа тәуелділігін едәуір төмендетіп, ішкі нарықты қазақстандық сапалы өніммен қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің экспорттық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.
lw-3094948329-1
USD:
508.1 / 513.1
EUR:
594.0 / 600.0
RUB:
6.43 / 6.55

