Түркістан облысында 6 жасар қызға қатысты болған жантүршігерлік оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Жәбірленуші тараптың айтуынша, қызға жоғары сынып оқушысы тиіскен. Алайда бір ай өтсе де, күдікті қамауға алынбаған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Оқиға Отырар ауданы аумағындағы ауылдардың бірінде болған. Ата-анасының сөзінше, сабақтан кешіккен қыз үйге қорқып, жылап келген. Ол өзіне тоғызыншы сынып оқушысы тиіскенін айтып берген.
Жәбірленушінің анасы қызын Түркістан қаласындағы дәрігерге көрсеткенін айтады. Дәрігер жыныстық зорлық әрекетінің толық болмағанын, бірақ әрекет жасауға талпыныс болғанын айтқан. Осыдан кейін ата-ана полицияға арыз жазып, қылмыстық іс қозғалған.
Алайда, ата-ананың айтуынша, тергеу баяу жүріп жатыр. Күдікті бостандықта жүр, ал мектеп әкімшілігі қызды қайтадан сабаққа жіберуді талап еткен. Қауіптенген ата-ана әзірге баласын мектепке жібермей отыр.
"Біз арыз жазғаннан кейін нақты әрекет көрмедік. Тергеу дұрыс жүргізілмей жатыр деп ойлаймыз. Күдікті еркін жүр", – дейді жәбірленушінің анасы.
Түркістан облысы полиция департаменті тергеу жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ресми ақпаратқа сәйкес, сот-медициналық сараптама қорытындысы бойынша қыздың денесіне зақым келмеген.
"Бастапқы тергеу нәтижесінде құқыққа қайшы әрекеттер анықталмады. Соған қарамастан, сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр", – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда қыздың психологиялық жағдайы ауыр екені айтылып жатыр. Жақындарының сөзінше, ол сыртқа шығудан қорқып, тамақ ішуден де қалған.
Жәбірленуші тарап Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен балалар омбудсменінен араласуды сұрап отыр.