Тікелей эфир

Түркістан облысының бағбандары италиялық алма мен жүзімді жерсіндірді

Жетісай ауданында 786 гектар көп жылдық жеміс-жидек дақылы егілген.

Түркістан облысының Жетісай ауданында бағбандар италиялық алма мен жүзімінің бірнеше түрін отырғызып, жерсіндірді. Бұл туралы "Хабар 24" сайты хабарлады.

Бағбандар климаттық ерекшелікті зерттеген соң, ағаштарды күтіп-баптаудың қыр-сырын үйреніп келген. 

Италиялық алма мен жүзімді Мырзашөл өңіріне жерсіндіріп отырған бағбандардың бірі Сұлтан Жолдасбаев 7 жыл бұрын мұндағы 20 гектар жерге жеміс көшеттерін отырғызған. 

"Бұлардың ерекшелігі, бұлар интенсивті. Яғни, отырғызған жылы өнім береді. Бірінші жылы аз болса да, гектарына 1 тоннадай береді. Келесі жылдан бастап 10 тонна, 3 жылдан бастап максималды өнім беретін дәрежеге жетеді. Тамшылатып суару арқылы біз суды үнемдейміз. Қор үнемдеу технологиясына жатады. Қажетті азот сияқты тыңайтқыштарды беруге болады. Биік жер болсын, барлығына суды біркелкі жеткіземіз. Мұнда жаздық, күздік және қыстық алма түрлері бар", – деді ол.

Жетісай ауданында 786 гектар көп жылдық жеміс-жидек дақылы егілген.

"Оның 450 гектарына жүзім, қалған 336 гектарына алма отырғызылған. Өткен жыоы осы жеміс ағаштарынан 15 мың тонна өнім алынған. Биыл да  сол жоспар болады деп күтіп отырмыз", – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұртас Тұрсынбеков. 

Бау-бақша өсірген бағбандарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Яғни, тамшылатып суару тәсілін қолданғандарға кеткен шығынның 40 пайызын мемлекет өтеп береді. 

Серіктестер жаңалықтары