Мемлекет басшысы БҰҰ Дүниежүзілік метеорология ұйымының президенті, БАӘ Ұлттық метеорология орталығының бас директоры Абдулла Әл-Мандусты қабылдады, деп хабарлайды Ақорда.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ жүйесіндегі Дүниежүзілік метеорология ұйымының климат, ауа райы, су ресурстары және табиғи апаттардың қаупін азайту бағытындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытудағы рөлін атап өтті.
Тараптар Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар климаттық мәселелерді талқылады. Соның ішінде ерте ескерту жүйелерін жетілдіру, метеорологиялық инфрақұрылымды жаңғырту және ғылыми деректермен алмасу бағыттарына ерекше назар аударылды.
Президент Қазақстанның БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екенін жеткізді. Сонымен қатар су қауіпсіздігі мен су ресурстарын тиімді басқару мәселелері де күн тәртібінде болды.
Осы ретте Қазақстанның БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы да атап өтілді.
Жоспарға сәйкес, Түркістан облысында БАӘ Ұлттық метеорология орталығымен бірлескен жоба іске қосылады. Бұл жоба су қоймаларын толықтыру және ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында жасанды жауын-шашын технологиясын қолдануды көздейді.
Жоба 2026 жылғы 17 мамырда іске қосылады деп күтілуде. Осылайша, Қазақстан өңірде жасанды жаңбыр технологиясын қолдануды бастаған алғашқы елдердің бірі болмақ.