Түркістан облысында шіркей қаптап, тұрғындар қансорғышқа таланып жатыр

Фото Depositphotos.com
Фото Depositphotos.com
Қаптаған шіркейден тұрғындар қолдан келгенше қорғанып әлек.

Түркістан облысында шіркей қаптап, тұрғындар қансорғышқа таланып жатыр, деп хабарлайды 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.

Құжынаған зиянкестерден тіршілігіміз тұралады дейді халық. Себебі, далаға шығып, емін-еркін жүру мүмкін емес. Ұсақ жәндік шағып, денесін жара басқан жандар да жетерлік. 

Тынышы қашқан халық шіркейді жою үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаражат бөлінеді. Бірақ зиянкестер азаюдың орнына керісінше көбейіп жатыр деп қынжылады. Құжынаған қансорғыштан Балтакөл ауылының тұрғындары қазір көшеге шығудан қалған. Күн жылынып, көк шыққалы ұсақ жәндіктер жұрттың әбден мазасын қашырған. 

Қаптаған шіркейден тұрғындар қолдан келгенше қорғанып әлек. Тұмшаланып, тор бас киімдерді тастамайтын болдық дейді. Жайлаған жәндік төрт түлікті қойып, адамдарды шаға бастапты. Үсті-басы бөртіп, медициналық көмекке жүгінген жандар да көп екен. 

Бұл мәселе Отырар, Шардара, Сауран ауданы мен Арыс, Кентау қаласының тұрғындарын мезі еткен. Зиянкестен зәрезап болған жұрт шыбын-шіркеймен күреске қыруар қаражат бөлінсе де нәтиже жоқ дейді. Мәселен, былтыр дәрілеу жұмыстарына бюджеттен 655 миллион теңге бөлінген екен. Биыл бір жарым миллиард теңге қарастырылған. 

"Дернәсілдерді жою 100 пайыз мүмкін емес. Қазір біз тек санын азайту бойынша жұмыс істеп жатырмыз. 100 пайыз жойылады деп ешкім кепілдік бере алмайды. Қазіргі таңда шіркейлер шығып жатыр. Сәл азаяды деген үміттеміз", – деді "СӘТТІ ТҮЛІК" ЖШС директоры Тағабек Қалшораев.      

Бірақ халықтың үміті үзілгендей. Себебі, көпшілік үш жылдан бері шіркейге жем болып келеді.

Серіктестер жаңалықтары