Түркістан облысында нөсер жауыннан кейін болған сел салдарынан екі ауылды топан су басты. Табиғи апат салдарынан тұрғын үйлер, қора-қопсы, бау-бақша мен шаруашылық нысандары зардап шекті, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Әсіресе Жіңішке ауылы қатты зардап шеккен. Тұрғындардың айтуынша, жарты сағат ішінде сай-саладан аққан лай су ауылды басып қалған. Абырой болғанда адам шығыны тіркелмеді.
Ауыл тұрғыны Бақтияр Әлімханов сел салдарынан үйі мен шаруашылығына үлкен шығын келгенін айтты. Оның сөзінше, соңғы қоңырау мерекесі қарсаңында сатуға дайындаған раушан гүлдері толықтай жойылған.
"Барлығы кетті. Үй де, қора да, жинап қойған жоңышқа да судың астында қалды. Ешкім келген жоқ, өзіміз көмектесіп жүрміз. Ескерту болуы керек еді", – дейді тұрғын.
Селден Сарапхана ауылы да зардап шеккен. Тұрғындардың айтуынша, аулаларды су басып, балық шаруашылығына айтарлықтай зиян келген.
Жергілікті билік өкілдері апатқа толассыз жауған жаңбыр себеп болғанын мәлімдеді. Олардың айтуынша, мұндай табиғи құбылыс бұл аймақта шамамен 30 жыл бұрын болған.
Әкімдік мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда зардап шеккен ауылдарда 120 адам апат салдарын жою жұмыстарына жұмылдырылған. Тұрғындар су басқан үйлер мен аулаларды тазалап, қалпына келтіру жұмыстарын өз күшімен жүргізіп жатыр.