Тікелей эфир

Түркістан облысында 6 ауыл тұрғыны сусыз қалғаны үшін кәсіпкерді кінәлады

Ал құзырлы деген инспекцияның тыңғылықты тексеру жүргізуіне түрлі түйткілдер кедергі болған.

Түркістан облысы Ордабасы ауданына қарасты алты бірдей ауыл халқы ағын су таппай, алқабын қуратып, шығынға батып отыр. Айтуларынша, Бөржар бұлақтың басында балық шаруашылығымен айналысамын деген кәсіпкер су көздерін жауып тастаған, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

"50 тонна аламыз деп жұмыс істедік. Суымыз болмай қалды. Әр гектарына 15 млн теңге қаражат жұмсадық. Ақырында ақшасын шығара алмай қалдық", – деді шаруа Мұқан Жанқабылов. 

Шаруалар бұған кәсіпкерді кінәлап отыр. Айтуларынша, арнайы бассейн жасау үшін бастаудың бәрін бітеп тастаған. 

"Бастапқыда балық шаруашылығы деп ашты. Қазір бұлардың бассейнінде ешқандай балық жоқ. Бәрін тоған-тоған қылып тастады. Артынша бассейн қаладан келетін адамдар демалатын орынға айналды", – деді Бөржар ауылының тұрғыны Данияр Қалтаев. 


Оқи отырыңыз: Екібастұз тұрғындары президенттен Шығармашылық үйін салып беруді сұрады


Ал демалыс орнының өкілдері көпшілікті тіршілік көзінен қысып жатқан жоқпыз, деп ақталды. 

"Ауылдың суын бөгеп жатқан жоқпыз. Ауылға осы судан бөлек ары қарай кететін екі канал бар", – деді демалыс орнының заңгері Әлия Аралбаева. 

Шығынға батып шырқыраған шаруалардың жайынан жергілікті әкімдік хабардар. 

"Бұл бағытта біз Арал-Сырдария бассейніне, экология департаментіне және Шымкент қаласының жер қатыстарына хат жазғанбыз. Осыған нақты іс-шара керек. Бірақ біз нақты жауабын алған жоқпыз", – деді Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары Қыдырбай Сейітқұл. 


Оқи отырыңыз: Жезқазғанда 37 миллионға жөнделген перзентхананың төбесі бірінші нөсерден соң тесіліп қалды


Ал құзырлы деген инспекцияның да тыңғылықты тексеру жүргізуіне түрлі түйткілдер кедергі болыпты. 

Серіктестер жаңалықтары