Тікелей эфир

Түркістан облысында 50 пәтер ұрлығына қатысы бар күдікті ұсталды

Айғақ зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, иелеріне қайтарылды.

Қазығұртта әйел полиция бөліміне арыз жазып, үйіне ұры түскенін айтты. Әйелдің мәліметінше, ұры алтын бұйым мен 1 млн теңгеден астам ақша жымқырған. Жалпы шығын көлемі 3 млн теңгеден асады. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы бойынша тіркелді, деп хабарлады Polisia.kz.

"Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері мен Қазығұрт АПБ полицейлері Түркістан облысының бірнеше ауданында жасалған 50-ден астам пәтер ұрлығына қатысы бар үй ұрысын ұстады. Күдікті үйлердің пластик терезесі арқылы кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған. Ұрланған мүлікті ломбардқа өткізіп отырған", – деді Түркістан облысы полиция департаменті басшысының орынбасары Құрманбек Сахов.

Қылмысты ашу мақсатында Түркістан облысы ПД КПБ-ның жедел-тергеу тобы құрылған. Оның құрамына жедел уәкілдер мен Қазығұрт полицейлері кірді.


Оқи отырыңыз: Айыппұл артып, жаза күшейсе де, Қазақстанда мал ұрлығы неге тыйылмай тұр?


"Күдікті – бұрын пәтерге ұрлыққа түскені үшін сотталған Шымкент тұрғыны. Ол 2020-2022 жылдары Қазығұрт, Келес, Сарыағаш және Ордабасы аудандарында 50-ден астам үйге ұрлыққа түскенін мойындады. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдікті қамауға алынды. Айғақ зат ретінде ұрланған алтындардың бір бөлігі тәркіленіп, иелеріне қайтарылды. Полиция күдіктінің осыған ұқсас басқа қылмыстарға қатыстылығын және сыбайластарының бар-жоғын анықтайды", – деп сендірді Құрманбек Сахов. 

Серіктестер жаңалықтары