Тікелей эфир

"Тұрғын үй төлемін кешіктірді". Алматылық әскерилер наразылық танытты

Келісімшарты аяқталған қызметкерлерді әуреге салған төлем мәселесі Алматы қаласындағы әскери бөлімде көтерілді.

Әскерилер мемлекет төлеуі тиіс қаражатты күтіп жүргенімізге 3-4 айдың жүзі болды деп наразы болса, әскери бөлім басшылығы қолдан келгеннің бәрін жасадық деп отыр, деп хабарлайды 31 арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы.

61 933 әскери бөлімінде қызмет етіп, биыл келісімшарты аяқталған соң, жұмыстан шыққан қызметкерлердің саны 30-дан асады. Олардың айтуынша, 3-4 айдан бері бірыңғай тұрғын үй төлемдері кешіктіріліп келеді. Бұған дейін жұмыстан өз еркімен шыққандардың шотына 30 күннен соң ақшасы түсіп тұрған.

"15 сәуірде заң өзгерді" деп, "түрлі себептермен бюджетте ақша жоқ" деп, тағы да басқа сылтаулармен біздің ақшамызды кешіктіріп жатыр", – дейді Досжан Нұрсейітов.

Төлем туралы заңға енгізілген өзгерістерге сай, 2018 жылға дейін еңбек өтіліміне қарай төлем жүргізіледі, ал одан кейінгі жылдарға төлем есептелмейді. Наразы топ бұл жаңашылдықтан бейхабар екенін айтады.


Оқи отырыңыз: "Әскери баспана" ипотекасы: Өтініштер 2022 жылғы тамызда қабылданады


Тұрғын үй төлемі тез арада берілсін деп талап қойып отырғандардың бірі Райхан Ештаеваның айтуынша, отбасы тұрмыстық қиыншылықтардың ортасында қалған. Ол осы әскери бөлімде 12 жылға жуық қызмет еткен Данияр Ибраевтың жұбайы.

"Біздің де жабылмай қалған несиеміз бар, пәтерден пәтерге көшіп жүрміз. Бала-шағамыз бар, екеуі сабаққа, екеуі балабақшаға барады. Оған да қаражат керек", – дейді Райхан Ештаева.

Бағдарлама тілшісі мәселенің жай-жапсарын сұрап, министрлікке сауал жолдаған. Министрлік өкілдері мәселеден хабардар екенін айтып, бюджеттік комиссияның шешімін күтіп отырғанын мәлімдеген.

"61993 әскери бөлімдегі әскери қызметшілерінің бірыңғай тұрғын үй төлемдері бойынша Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің қолбасшысы мен жоғары штабтарға сұраныс жіберілді. Сұранысты еліміздің бюджеттік комиссиясы қарастырады. Осыдан соң міндетті түрде әскерилердің арнайы жеке шоттарына жақын арада төленетінін хабарлаймыз", – деді Құрлық әскерлері Десанттық-шабуылдаушы әскерлері  қолбасшысының басқармасы қаржы басқармасының бағыт аға офицері Әділет Молдағожанов.  


Оқи отырыңыз: Әскерден – психиатрияға: Тағы бір сарбаздың жағдайы мүшкіл

Біздің Telegram-каналдағы ең көп оқылған жаңалықтар
Серіктестер жаңалықтары