13 ақпанда Қазақстанның бірқатар өңірінде қолайсыз ауа райы болжанып отыр. "Қазгидромет" РМК синоптиктері тұман, көктайғақ, жауын-шашын, жаяу бұрқасын және екпінді желге байланысты ескерту жариялады.
Қарағанды және Ұлытау облыстарында тұман түсіп, желдің екпіні 15 м/с-қа дейін күшейеді. Маңғыстау облысында көктайғақ болып, желдің жылдамдығы күндіз 15–20 м/с-қа жетеді.
Қостанай мен Ақтөбе облыстарында тұман күтілсе, Түркістан облысында жауын-шашын (жаңбыр, қар), таулы аймақтарда кей уақытта қатты қар жауады. Түркістан мен Шымкент қалаларында да көктайғақ пен тұман болжанып отыр.
Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Абай облыстарында тұман түседі, кей жерлерде жел 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Жамбыл облысының таулы аудандарында қатты қар жауып, жел екпіні түнде 23 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Оқи отырыңыз: Қазақстан мен Үндістан жасанды интеллектіні орнықты дамудың қуатты күшіне айналдыра алады
Ақмола облысының солтүстігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Солтүстік Қазақстан облысында да екпінді жел соғады. Алматы облысының таулы аймақтарында қар жауып, бірқатар өңірде көктайғақ пен тұман болады. Алматы мен Қонаевта да ауа райы құбылмалы болмақ.
Синоптиктер тұрғындарды жолда сақ болуға және ауа райының күрт өзгеруіне дайын болуға шақырды.