Түркістан облысының Түлкібас ауданында адамдарға қару кезеп, оқ жаудырған үш азаматқа сот үкімі шықты. Олар 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Атыс кезінде 17 жастағы Төрехан Төреәлі қаза тауып, тағы үш адам жараланған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы.
Қанды оқиға былтыр қарашада болған. Түн ішінде далада тұрған бір топ жігіттің жанынан екі көлік өтіп кеткен. Біраз уақыттан кейін бетперде киген бірнеше адам келіп, оларға қарудан оқ атқан.
Сот мәліметінше, шабуыл кезінде үш адам қару қолданып, жәбірленушілерге бірнеше рет оқ атқан. Салдарынан төрт адам жарақат алып, олардың бірі ауруханада көз жұмған. Марқұм Төрехан Төреәлі небәрі 17 жаста болған.
Түркістан облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Дәурен Мадалиевтің айтуынша, қаруды жай ғана қорқыту үшін қолдану нұсқасы дәлелдермен сәйкес келмейді.
"Үш адам үш қару ұстап, бірнеше рет атқан. Қорқыту мақсаты болса, сонша рет атпайды. Сонымен қатар адамдарды нысанаға алып атқаны дәлелденді", – деді ол.
Сот үкімімен Самат Шоқанов, Шерхан Жақсыбай және Расул Тілеубердиев 18 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Ал қылмыс туралы біле тұра құқық қорғау органдарына хабарламаған тағы екі адам екі және үш жылға сотталды. Тағы бір айыпталушы қылмысты ашуға көмектескені үшін сот залынан босатылды.
Марқұмның анасы Эльмира Айдаралиева сот үкіміне қатысты пікір білдірді. Ол Самат Шоқановтың 20 жылға сотталғанымен келісетінін, алайда қылмысқа қатысы бар деп санайтын тағы бір адамның босатылғанына көңілі толмайтынын айтты.
Бұл іс бойынша тағы бір күдікті бар. Тергеу нұсқасына сәйкес, ол да қару алып, оқ атқандардың қатарында болуы мүмкін. Алайда арада бір жыл өтсе де, күдікті әлі ұсталған жоқ.