Тікелей эфир

"Туған күніңмен, Шымқала!": Шымкенттік жұлдыздардың қатысуымен гала концерт өтті

Шымкентте қала күніне орай өнер жұлдыздарының қатысуымен гала концерт өтті.

"Биылғы туған күнді тек өзіміз болып тойлап жатырмыз". Әнші, компазитор Ғазизхан Шекербеков айтпақшы, сахнада тек Шымкенттен шыққан шоу бизнес өкілдері өнер көрсетті. Әрі бәрі жанды дауыста ән шырқады.

Мерекелік концертті танымал тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы мен Нұрсұлтан Құрман және әнші Әйгерім Қалаубаева мен Ғазизхан Шекербеков тізгіндеді. Әзіл-қалжыңы жарасқан төрттік бірден халықты күлкіге қарқ қылып, аудиторияның назарын сахнаға қаратып алды. Шымкентке қатысты сұрақтар қою арқылы диалог орнатты.

Сондай-ақ, "Не шықса да, Шымкенттен шығады" деген жауыр болған сөзді талқылады.  Әрі оның себебін іздестірді. Ләйлә Сұлтанқызының пікірінше, бұл шымкенттіктердің креативті екенін аңғартады. 

Ләйлә Сұлтанқызы, тележүргізуші: "Мысалы мен бүгін Шымкентте бір затты алғаш рет көріп таң қалып кетемінде, 2-3 аптадан кейін Астанада көремін. Менің ойымша, бұл да жақсы. Тек өзі ғана емес, бүкіл Қазақстанның жаңаруына септігін тигізіп жатыр. Бұған себеп, біріншіден мегаполисте жастар көп. Екіншіден, халықтың тығыз орналасқаны мен бәсекелестіктің жоғары болғанынан шығар. Әрі жаңа мегаполис қой. Мұның өзі духты көтеріп, күш беретін сияқты".

Шымкент-ең жас мегаполис қана емес, жастар көп шоғырланған қала деуге де болады. Мұны статистика да дәлелдеп тұр. Шымкенттіктердің орташа жасы – 28 жас. Сонымен қатар, қала әкімі Мұрат Әйтенов те – "Қазақстан бойынша ең жас әкім". 

"Құрметті жерлестер! 2200 жылдық тарихы бар, 4 жыл бұрын "мегаполис" атын берген Шымкент қаласының туған күнімен баршаңызды құттықтаймын. Қаламыз көркейе берсін, жана берсін. Барлық салада тек алдыңғы қатарда жүре берейік. Жаңа ғана футболға қатысып келе жатырмын. Біздің "Ордабасы" командасы Тараз қаласын 3:2 есебімен жеңді. Қала күні қарсаңында бұл да қуанышты жаңалық болды", – деді Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов.

Қала күніне арнап өнер көрсеткен жұлдыздар мегаполис тұрғындарын мерекемен құттықтады. 

"Шымкентті "қазақтың жүрегі" деп атауға да болады. Біз қаламыздың жайнап-жадырауына, дамуына, халықтың көбеюіне шын жүректен тілектеспіз. Шымкентті шынайы жүрекпен туған күнімен құттықтаймыз. Шымкент жасай берсін", – деді әнші Жұбаныш Жексенұлы.

"Негізі, осы жергілікті әншілердің қатысуымен өтіп жатқан концертті көріп көңілім толып қалды. Әрине, әр өнер адамы өзінің туған жеріне деген ыстық ықыласын ән арқылы жеткізгісі келеді ғой. Біздің қолдан келетіні – жерлестерімізді қуанту, соларға қуаныш сыйлау. Шымқала, туған күніңмен!", – деді әнші Алтынай Жорабаева. 

"Барлығымыз осы күнді сағындық қой. Бірнеше жыл "карантин" деп мұндай концерттер болмай қалып еді. Бүгін енді бәрі көңілді жүр. Лайым осылай болсын. Еш жамандық болмасын. Қала тұрғындарын мерекемен құттықтаймын. Шымкенттің инфрақұрылымы дамып, халықтың әлеуметтік әл-ауқаты өсе берсін", – деді тележүргізуші Нұрсұлтан Құрман.

Концертте "Жігіттер" квартеті, Заттыбек Көпбосынов, Әйгерім Қалаубаева,  Бауыржан Исаев, Маржан Арапбаева, Медеу Арынбаев, Қайрат Нұртас және өзге де әншілер өнер көрсетті.

Көрермен де мерекелік концертке дән риза. Мұны қол шапалақтарынан-ақ аңғаруға болады. Кейбірі, тіпті 7-ден бастап келіп концертті күтіпті. Балалар да өте көп. Ең бастысы қала күнінде халық қуанышты. Кеш соңы от шашумен аяқталды.

Мөлдір Ибадуллаева

Бұл мақала сізге пайдалы болды ма?
0

  Егер мәтінде қате болса, оны белгілеп, Ctrl+Enter батырмасын басыңыз

  Егер мәтіндегі қатені смартфонда көрсеңіз, оны белгілеп, «Қатені хабарлау» батырмасын басыңыз

Серіктестер жаңалықтары